388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәнерлеп сырғанау: олимпиаданың үшінші жолдамасының иегері ел біріншілігінде анықталады

  • 1013
  • UPD: 17:40, 12.12.2017

Алдағы қысқы олимпиада ойындарына мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан атынан алғаш рет үш спортшы қатысады.

Денис Тен мен Элизабет Тұрсынбаевадан бөлек үшінші жолдаманың иегері ел біріншілігінде анықталады.

Қаршадай қыз Элизабет Тұрсынбаеваның әлем чемпионатындағы көрсеткішінің нәтижесінде Оңтүстік Корея жерінде өтетін дүбірлі додаға үш бірдей жолдама иелендік. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын екі мықты белгілі. Денис Тен мен Элизабет Тұрсынбаеваға дәл қазір Қазақстанда тең келер ешкім жоқ. Ал үшінші жолдама кімге бұйырады деген сауал күн тәртібінде тұр.

Құралай Узурова, мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан құрамасының бас бапкері:

- Үшінші жолдамадан екі үміткер бар. Олар Айза Имамбек пен Жансая Адыханова. Айза жаттығуын Алматыда пысықтауда. Ал Жансая Америкада жаттығып жүр. Желтоқсан айының соңында Қазақстан біріншілігінде қай жеңгені Олимпиада ойындарына барады. 

Бәсекелестіктің болғаны қандай жақсы. Төртжылдықтың басты додасына бару үшін қазақ қыздары аянбай тер төгіп жүр. «Халық-Аренада» жаттығып жүрген Айза Имамбекті әңгімеге тартқан едік.

Айза Имамбек, мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан құрамасының мүшесі:

- Әрбір спортшыға үлкен мүмкіндік беріле бермейді. Сондықтан бар күшімді салып, қалай да бару керек. Барлық күшіңді салып Қазақстанның туын көтеріп, атымды білдіруім керек. 

Осыдан үш ай бұрын жаттығулардың бірінде аяғын сындырып алған Айза Имамбек «жарақатым сыр берсе де Олимпиада ойындарына бару үшін аянып қалмаймын» деп отыр. Ұлттық құрама бапкерлерінен бөлек Айза ресейлік белгілі жаттықтырушы Алексей Мишиннен де тәлім алады. Бағдарламаларына біраз өзгеріс енгізген.

Айза Имамбек, мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан құрамасының мүшесі:

- Жаңа екі бағдарлама қойдық. Жаңасы қысқа бағдарлама шығыс мотивтерімен болады. Ал еркін бағдарлама, өздеріңіз естігендей, Дәулеткерейдің күйі «Көрұғлы». Тек хореографияны өзгерттік. Және де техникалық элементтерді күрделендірдік.

Айзаның өмірдегі досы, спорттағы қарсыласы Жансая Адыханова шетелде дайындығын пысықтауда. Қазақ қыздары енді санаулы күндерден кейін Қазақстан біріншілігінде жолығады. 

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Ерлан Әбжанов

Хабар 24 телеарнасы