384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде тұңғыш рет ҚХЛ жұлдыздарының сайысы ұйымдастырылады

  • 514
  • UPD: 17:35, 03.01.2018

Алдағы аптада Астанада Құрлықтық хоккей лигасының айтулы ойыншылары жиналады.

«Барыс Аренада» лиганың үздік хоккейшілері өз өнерлерін паш етеді. Жұлдыздар матчына «Барыс» командасының үш жігіті қатысады. Мұз айдындағы шеберлердің сайысы елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылады.

Хоккей жұлдыздарының бәсекесін жанкүйерлер тағатсыздана күтеді. Айтулы спорттық шараға санаулы күн қалды. 10 қаңтарда Құрлықтық хоккей лигасының мықтылары Астанада бас қосады.

Шараға құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін 27 клубтан 48 спортшы қатысады. Дені әлемге танымал. Олар дивизион бойынша 4 командаға іріктеліп, өзара сынға түседі. Бұл додаға «Барыстың» үш ойыншысы қатысады.

Команда капитаны Найджел Доус, қорғаушы Кевин Даллман мен Құрлықтық хоккей лигасындағы мергендердің бірі – шабуылшы Линден Вей. Қазір жігіттер қызу дайындық үстінде.

Линден Вей, «Барыс» ХК шабуылшысы:

– Бұл – біз үшін жауапты ойын. Астана үшін де айтулы мереке дер едім. Өйткені жұлдыздар матчы Қазақстанда алғаш рет өтейін деп отыр. Біздің жанкүйерлер мұндай құрметке әбден лайық. Еуразия құрлығына, тіпті әлемге танымал ең үздік ойыншылар келеді. Сондықтан біздің жанкүйерлерге көтеріңкі көңіл күй сыйлауға тырысамыз. Өз басым қолдан келгенше барымды саламын.

Жұлдыздар шоуын қабылдауға «Барыс Арена» дайын. Тек техникалық жарақтарды орнату ғана қалды. Жанкүйерлер Құрлықтық хоккей лигасының жігіттерінен бөлек әйелдер лигасы мен жастар хоккей лигасының да үздіктерінің өнерін тамашалайды.

Арман Нұрымбетов, ұйымдастырушы:

– Мұндай хоккей Қазақстанда болмаған. Бұл – шоу, шеберліктің шыңын көрсететін сайыс. Жанкүйерлер сүйікті ойыншыларын өз көздерімен көре алады. Әрі олардан өнеге алып, үйрене де алады. Біз бұл шараны тағатсыздана күттік. «Барыс Аренаның» құрылысы жоспарланған сәттен бастап, осындай дүбірлі дода өткізуге ниет болған. Арманымыз орындалғалы отыр.

Жұлдызды хоккей апталығы спорт жанкүйерлеріне тамаша көңіл күй сыйлайды. Бір мезетте лиганың барлық үздіктерін тоғыстыратын шара әсіресе жас спортшылар үшін маңызды. Шеберлердің сырын біледі, үйренеді, жігерленеді. Бастысы шоуға келген қалың көрермен көңіл көтеріп, ләззат алары анық.

Авторлары: Мұхтар Ыбырайым, Азамат Саметов

Хабар 24 телеарнасы