386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында жасөспірімдер шөген ойынын меңгеріп жатыр

  • 566
  • UPD: 14:24, 04.01.2018

Еліміздің өрендері шөген ойынының қыр-сырын үйреніп жатыр. Алматы облысының Талғар ауданында орналасқан Балалар шөген академиясында қазір 30-ға жуық жасөспірім жаттығады. Жауынгерлік өнерге баулудың алғашқы сатысы саналатын ойынның бұл түріне қазіргі жеткіншектердің қызығушылығы қалай?

Балалар үшін шөгеннің әліппесі атқа мінуді үйренуден басталады. Ат құлағында ойнамаса да, жылқыдан қорықпай тізгінге ие бола алатындай дәрежеге жетулері керек. Содан соң полоның ережелерімен танысып, соққы жасауды үйренеді.

Олжас Анықбаев, 7-сынып оқушысы:

- Олар офсайд. Оң жақпен алдыға. Нерсайд сол жақпен алдыға кетеді. Бэк оң жақпен артқа кетеді. Нерсайд бэк деген сол жақпен артқа. Оупен шетпен кетеді. Оупен бэк деген былай шетпен. Және тейл деген аттың артымен.

Академияда балалар тегін жаттығады. Оларды атпен, ойын таяқшаларымен және басқа да қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді Қазақстан шөген федерациясы өз мойнына алған.

Ақкербез Алтынбек, 6-сынып оқушысы:

- Жаздың басынан осы полоға келдім. Туысқандарымнан білдім. Осы спортқа бірінші рет келген кезде маған қатты ұнап қалды. Менің астымдағы ат Қалеке. Жуас, өте жуас ат. Бірақ шапқанды жақсы көреді екен.

Жалпы поло қазаққа жат емес. Полоның түптамыры саналатын шөгеннің ата-бабамыздан қалған ойын екені тарихтан белгілі. 2014 жылы Қазақстан шөген федерациясы құрылып, ұмыт болған ұлттық ойын түрі қайта жандана бастады. Бүгінгі таңда бірқатар өңірде облыстық федерациялар ашылған. Астана мен Алматы қалаларында арнайы клубтар бар.    

Сәрсен Құранбек, Қазақстан шөген федерациясының бірінші вице-президенті:

- Біздің жігіттер тек осы республикалық турнирларға қатысып қана қоймай өз бақтарын халықаралық деңгейде де сынай бастады. Бірнеше халықаралық турнирға қатысып, біздің Астана шөген клубы мен Алматы шөген клубы осы халықаралық турнирларда жүлдегер мен жеңімпаз атанып жоғарғы жетістіктерге қол жеткізіп жүр деп айта аламыз.

Қазақстан шөген федерациясы болашақта академияда жаттығатын жеткіншектердің қатарын арттырмақ. Сондай-ақ, балалар арасындағы турнирлер мен кубоктарды және ел чемпионатын тұрақты түрде өткізуді көздеп отыр.  

Авторолары: Ұлан Нарынбек, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы