389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


AIBA боксшылардың ұпайын есептеу тәсілін өзгертуі мүмкін

  • 700
  • UPD: 23:30, 05.02.2018

Әуесқой бокстың Олимпиада ойындарынан алынып тасталуы мүмкін деген мәлімет бірнеше күннен бері спорт жанкүйерлерін алаңдатып отыр. Сарапшылар бұған АИБА-ның сыбайластық әрекеттері себеп болғанын айтады. Яғни шаршы алаң айналасындағы былық былғары қолғап шеберлерінің төрт жылдық жарыста топ жару арманын күл-талқан етуі ықтимал. Дегенмен, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының жетекшілері даулы мәселе көп ұзамай оң шешімін табады деген сенімде.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Қазаққа «бокс пен Олимпиада» сөздері егіз ұғымға айналған. Былғары қолғап киген талай Алаш баласы жаһандық жарыстардан жүлдесіз қайтқан емес. Бірақ бұл сыралғы дәстүр үзіледі деген күдік қайта пайда болды. Халықаралық Олимпиада комитетінің бұл спорт түрін алдағы екі жылдан кейін Токиода өтетін төртжылдықтың басты бәсекесінен алып тастауы ықтимал болжамға айналды.

Тарихқа көз жүгіртіп көрсек, қазақ боксшылары кешегі кеңестік кезеңде де халықаралық аренаға кеңінен таныла бастады. 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасында Серік Қонақбаевтың алтынға пара-пар күмісі Алаштың абыройын асқақтатып, мерейін үстем еткен. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де Василий Жиров, Ермахан Ыбырайымов, Бекзат Саттарханов, Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев және Данияр Елеусіновтер төртжылдықтың байрақты бәсекесінен алтыннан алқа тағынып қайтқан. Яғни бокс ұлттық спорт түрі болмаса да қазақи болмысқа тән қадір-қасиетке айналды.

Томас Бах, Халықаралық олимпиада комиетінің президенті:

- Біз әлі де боксты 2020 жылғы жастар мен ересектер арасындағы Олимпиада ойындары бағдарламасынан алу не алмау туралы мәселені қараймыз. AIBA-ның әділдігіне күмәнмен қарап  отырмыз. Бұған дейін аталған ұйым даулы жекпе-жектер туралы есеп берген болатын. Соның нәтижесінде AIBA-ны қаржыландыру уақытша тоқтатылған. Бұған басты себеп – төрешілердің әділетсіз шешімдері. Сондықтан біз көбірек ақпарат беруді сұрадық. Олимпиадада тіркелген нәтижелердің барлығы да әділ екеніне көз жеткізгіміз келеді.

2 жыл бұрын Рио Олимпиадасындағы бірқатар солақай шешімдер спортсүйер қауымның әлі есінде. Соның салдарынан жерлесіміз Василий Левит алтынмен апталудың орнына, күміспен күптелген еді. Дегенмен, қазір төрешілерді жіті тексеруге кіріскен арнайы комиссия сол жекпе-жектің нәтижесін өзгертуі бек мүмкін. Егер АИБА олқылықтардың орнын толтырып, ұпай есептеу тәсілін өзгертсе, бокстың Олимпиада ойындарында қалу мүмкіндігі арта түседі.

Мырзағали Айтжанов, Қазақстан бокс құрамасының бас бапкері:

- Василий Левиттің жеңісін алып келіп жатса, әрине ол шындықтың барын білдіртеді. Ол біздің елімізге былай айтқанда тағы да бір алтынның жеңген кезде алып қойылғаны қайттан беріліп жатса, ол нұр үстіне нұр болады ғой. Бүкіл әлемнің қаншама миллион бапкерлері, одан қалса спортшылары соның еңбегінің бәрі былай ескереді. Ескеріп қалдырады деген ойдамын. Алып тастап жатса, әрине өкінішті болады. 

«Балық басынан шіриді» демекші, Халықаралық олимпиада комитетінің АИБА басшылығына өкпесі қара қазандай. Сондықтан ұйымның қаржылық, төрешілік және допингке қарсы есебі түгелдей тексеріледі. Айта кетейік, АИБА-ны 11 жылдан бері басқарып келген Чинг-Куо Ву таяуда қызметтен босатылып, оның орнына өзбекстандық маман Гафур Рахимов тағайындалды.   

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы