369.54 425.20 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шаңғышыларымыз Олимпиада финалына шыға алмау себептерін түсіндірді

  • 380
  • UPD: 21:41, 13.02.2018
Шаңғышыларымыз Олимпиада финалына шыға алмау себептерін түсіндірді Фото: Sports.kz

XXIII Қысқы Олимпиадаға қатысушы шаңғышылар жарыс жолына шықты.

Сөйтіп бүгін спринтерлік сайыстың мықтылары анықталды. Әйелдер арасында швециялық Стина Нилсон Олимпиада чемпионы атанса, ерлер бәсекесінде норвегиялық Йоханнес Клейбо топ жарды. Ал Қазақстан құрамасының шаңғышылары Пхенчхандағы кешенді сында жүлделі орыннан көріне алмады.

Олимпиада ойындарына біреулер жүлдеге таласу үшін келеді. Ал біреулер қатысып, тәжірибе жинап қайтсам дейді. Қазақстандық шаңғышыларға суық ауа райы мен шаңғының дұрыс майланбауы кедергі келтіріп жатқан секілді. Бүгін спринтерлік сайысқа шыққан қыздарымыз өз нәтижелеріне қанағат білдірді. Ал жігіттер болса биылдыққа дұрыс шаңғының кездеспегенін алға тартады.

Классикалық әдіспен қысқа қашықтықта құстай ұшатындар сайысын қазақстандық спортшылар ерте аяқтады. Бұрымдылар бәсекесінде Анна Шевченко ғана ширек финалға дейін жетті. Ал Елена Коломина мен Валерия Тюленева іріктеуден өте алмады. Біздің спортшыларға суық ауа райы мен шаңғының дұрыс майланбауы кедергі келтіріп жатқан секілді. Бүгін спринтерлік сынға қатысқан қыз-жігіттеріміз қар мен күнге шағымданып, нәтижелерінің төмен екенін мойындады. Ал отызыншы орынға табан тіреген Анна Шевченко Олимпиада ойындарындағы көрсеткішіне риза екенін жеткізді.

Анна Шевченко, Шаңғыдан Қазақстан құрамасының мүшесі:

Іріктеуден өткеніме қуандым. Жаттығулар кезінде шаңғы майын тексеріп көрдік, жақсы сырғанады. Жарыс басталғанда ауа райы өзгеріп кетті. Сондықтан өрге қарай жүгіргенде шаңғы тайғанақтайды. Осыған байланысты кеше арнайы дайындалдық. Соның арқасында алғашқы отыз спортшының қатарынан көріндім.

Валерия Тюленева, Шаңғыдан Қазақстан құрамасының мүшесі:

Спринтте мықты емеспін. Командамызда тек үш қыз ғана жарысқа шыққанын көрдіңіздер. Нәтиже өте төмен. Аздап шаңғының майы да дұрыс болмады. Бізді қолдап жатқан жанкүйерлерге алғыс айтамын.

Жігіттер жарысында Алексей Полторанин мен Денис Волотка сынға түсіп, соңғысы 52-орынмен жарысты аяқтады. Екінші Олимпиадасына қатысып жатқан Волотка кешенді сынға дұрыс шаңғы таппағанын айтып шағымданса, ширек финалда тоқтаған Алексей Полторанин спринтерлік сайыстың өзгергенін тілге тиек етті.

Алексей Полторанин, Шаңғыдан Қазақстан құрамасының мүшесі:

Дәл қазіргі деңгейімді көрсеттім. Спринтерлік жарыс өзгерген. Бұрын мен қысқа және ұзақ қашықтықтардағы сайыстарды ұта алатын едім. Ал қазір 50 шақырымдық жарысқа дайындалып жатырмын. Спринтте финалға өтуге тырыстым. Енді командалық спринт пен марафонға қатысамын. Күн райы да құбылып тұр. Сондықтан шаңғыға қолайлы майды таңдау да қиын. Қары да Еуропа мен Қазақстандағы ақ ұлпаға ұқсамайды екен.

Денис Волотка, Шаңғыдан Қазақстан құрамасының мүшесі:

Ширек финалға дейін жетемін деп ойладым. Үздік отыздықтың қатарына кіру жоспарым еді. Шаңғы таңдауда қателесіп қалдым. Яғни осындағы қарға арналған шаңғым жоқ. Биыл өзім іздеген шаңғыны таба алмадым. Енді еркін әдіспен жарысқа шығамыз. Сол кезде ойланып, бір шешімін табармыз.

Ертең шаңғышыларда демалыс. 15 ақпанда әйелдер арасында еркін әдіспен 10 шақырымдық жарыс өтеді.

Авторлары: Қанат Базылхан, Ерсін Мұханбеталин

Хабар 24 телеарнасы