382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматылық самбошылар жарысқа дайындалып жатыр

  • 469
  • UPD: 18:19, 05.03.2018
Алматылық самбошылар жарысқа дайындалып жатыр

Наурыздың 16-сы мен 19-ы аралығында Қызылорда қаласында самбодан жастар арасында Қазақстан біріншілігі өтеді.

Бұл жарысқа алматылық балуандар да қызу дайындалып жатыр. Бауыржан Садыханов баптайтын қыз-жігіттер Сыр елінен олжалы қайтуды көздейді.

Бақтияр Құнақынов федерация тізгінін ұстағалы Алматыда самбо спортына қан жүгірді. Жастар мен жасөспірімдер және ересектер арасында жарыстар ұйымдастырылып, әр салмақта бәсекелестік арта түсті. Алматы біріншілігінде үздік шыққан мықтылар енді ұлттық біріншілікте қаламыздың намысын қорғайды. 

Бауыржан Садыханов, самбодан Алматы қаласының бас бапкері:

- Мықты-мықты деген 10-10 балуаннан, қыз балалар бар, ұл балалар бар, 20 адам іріктеп алдық. Құдай бұйыртса, наурыздың 16-сы күні Қызылорда қаласына аттанып, сол жерден жүлделі қайтамыз ба деген ойдамыз.

Қызылордада өтетін жастар арасындағы ел біріншілігінде сынға түсетін Самат Сағатбеков пен Наурыз Алтынбеков және Аршат Есқазиев пен Амангелді Батыржандарға бапкерлер сенім артады. Ал қыздар арасында Әйгерім Сақимова мен Тілек Аманкелділер де аянып қалмайтындарын айтады.

Әйгерім Сақимова, самбошы:

- Жеңіске деген құлшыныспен бапкерлермен жаттығуымызды пысықтап, орындап жатырмыз. Әр облыстан ең мықты деген балуандар келеді. Өзіміздің жаттығуда жасаған барлық техникалық әдістерімізді қолданып, биікке шығуға үміттіміз.

Сыр елінде өтетін самбошылардың сайысына Алматыдан барлығы 20 спортшы барады. Бапкерлер командалық есепте үздік үштіктен көрінуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы