387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


А.Колядин мен А.Герлиц 2022 жылы Бейжіңде өтетін Паралимпиада ойындарына қатыспақ

  • 398
  • UPD: 17:52, 19.03.2018
А.Колядин мен А.Герлиц 2022 жылы Бейжіңде өтетін Паралимпиада ойындарына қатыспақ

Келесі қысқы Паралимпиада ойындары 2022 жылы Бейжіңде өтеді.

Қытай астанасындағы сайысқа Пхенчхан ойындарының чемпионы Александр Колядин қатысуға ниет танытты. Бұл туралы ол біздің арнаның Кореяда жүрген тілшісіне хабарлады. 1 жарым шақырымда топ жарған қазақстандық шаңғышы мен өзге де спортшылар бүгін кешке елге оралады.

Пхенчхандағы паралимпиада еліміз үшін жемісті болды. Александр Колядиннің алтыны мен Александр Герлицтің 4-орын алуының арқасында Қазақстан осы спорт түрінен әлемдегі ең күшті ондықтың қатарына қосылды. Колядин – құрамамыздағы ең жасы үлкен спортшы. Қостанай облысының Сарыкөл ауылында дүниеге келген жерлесіміз қазір 45-те. 1998 жылы жол апатына ұшырап, аяғынан айырылған. Паралимпиада спортына 5 жыл бұрын келді. Жас кезінде Александр шаңғы спорты бойынша Кеңес Одағының жасөспірімдер құрамасы сапында болған.

Александр Колядин, Паралимпиада ойындарының чемпионы:

Сарыкөлдегі шешеме, дос-жарандарыма сәлем. Жарыста барлық күшімді салдым. Ел намысын абыроймен қорғап шықтым. Алтынмен ораламын. Күтіңіздер. Мені қолдағандарыңыз үшін көп рақмет!

Шаңғыдан 20 шақырым қашықтықта 4-орынды иеленген Александр Герлиц – Солтүстік Қазақстан облысының тумасы, жасы – 28-де. Бұл азамат та жол апатына ұшырап, қолы зақымданып, үшінші топтағы мүгедек болып қалған. Ал қосшаңғы спортымен үш жылдан бері айналысады.

Александр Герлиц, ҚР Паралимпиада құрамасының шаңғы және биатлон спорты бойынша мүшесі:

– Мені әкем кішкентай кезімнен шаңғы спортына баулыған. Мектепте оқығанда аудан намысын қорғағанмын. Шаңғы жарысы мен үшін тансық емес. Сондықтан Паралимпиада спортына келдім.

Шаңғы мен биатлон жарыстары бойынша құрамамыздың бас бапкері өз шәкірттерінің жеткен жетістігіне көңілі тоқ.

Василий Коломиец, ҚР паралимпиада құрамасының шаңғы және биатлон спорты бойынша бас бапкері:

– Мақсат – үшінші және алтыншы орындарға ілігу болды. Спорт және мәдениет министрлігіне, Ұлттық Паралимпиада комитетіне, әсіресе Қайрат Советайұлына алғысымды айтамын. Бұл кісі көп жұмыс атқарып, қолдау көрсетті. Балалар биыл ешнәрседен тарыққан жоқ.

Екі Александр да 2022 жылы өтетін Бейжіңдегі Паралимпиада ойындарына қатысуға ниетті. Александр Колядин ол кезде 49 жаста болады екен. Бірақ қазақстандық жүзгіш Зүлфия Ғабидуллинаның 50 жасында Паралимпиада чемпионы болғанын естен шығармайық.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы