386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бурабайда скиатлон сайысының мықтылары анықталды

  • 432
  • UPD: 18:07, 21.03.2018

Бурабайда халықаралық деңгейдегі шаңғы-биатлон базасы ашылды. Су жаңа кешенде алғашқы жарыс та басталып кетті. Кеше шаңғышы қыз-жігіттер скиатлон сайысының мықтыларын анықтады. Ерлер арасындағы бәсекеде Виталий Пухкало жеңіске жетсе, әйелдерден Анна Шевченко топ жарды.

Жаңадан ашылған шаңғы базасының мүмкіндіктері барлық халықаралық талаптарға сай келеді. Мамандар осылай дейді. Мұндағы шаңғы жолының ұзындығы 4 жарым шақырымнан асады. Дайындық алаңы мен жасанды қармен жабдықтау жүйесі де бар. Саланың жілігін шағып, майын ішкен білікті мамандар мен тәжірибелі спортшылар да жаңа нысанға өздерінің оң бағасын беріп отыр. 

Никита Девяткин, ҚР Шаңғы федерациясы президентінің бірінші орынбасары:

- Әлемдегі шаңғы базаларымен салыстыратын болсақ, бұл нысан өте бірегей. Мұнда шаңғы жолақтарымен қатар, биатлонның ату орындары, фитнес зал мен демалатын бөлмелер, тіпті, медициналық бөлімше бәрі бір жерде орналасқан. Осындай ірі кешенді ешбір елден таба алмайсыз".

Денис Волотка, шаңғышы:

- Бұрын біз осыдан 10 жыл бұрын осы Щучинсктегі орталық спорт кешенінің шаңғы базасында жаттығатынбыз. Енді міне, жаңа нысанда жаттығуға мүмкіндік мол. Маған ұнады. Түрлі жарыстарды да осында өткізу болады. Бастысы ауа райы қолайлы болсын.

Халықаралық шаңғы жарысында спортшылар, шаңғы спортының 6 түрі бойынша сынға түседі. Ал келешекте бұл жерде құрлықтық кубок, Әлем кубогының кезеңдері мен Әлем чемпионаттарын өткізуге әбден болады екен. Ал ең бастысы, қысқы спорт түрлерінен еліміздің құрама командасы Бурабай баурайында жаттығады.

Елсияр Қанағатов, ҚР ҰОК спорт дирекциясының директоры:

- Шаңғы-биатлон базасы халықаралық деңгейге сай. Оны біз бір қараймыз да. Бұл жерде жататын орын көрдік. Жақсы тамақтанатын жері бар. Одан басқа фитнес, бассейні, әрбір спортқа керекті дүниелер бар. Соған байланысты бұл жерді шаңғы мен биатлонның базасы деп бекітеміз. 

Жалпы қазір елімізде шамамен 67 мың адам шаңғы спортымен айналысады екен. Олардың 1 мыңдайы кәсіби спортшылар. Ал халықаралық деңгейдегі жарыстар шаңғышыларымыздың әлемдегі рейтингін көтеріп, шыңдай түспек. Айта кетейік, аталған жарыс 27 наурызға дейін жалғасады.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы