387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетаулық полицейлер аз қамтылған отбасылардың балаларына спорт үйірмелерін ашты

  • 410
  • UPD: 10:23, 01.06.2018

Ақмолалық полицейлер мінезі қиын жасөспірімдерді ортаға бейімдеу жұмыстарын қолға алды.

Тәртіп сақшылары аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін спорт үйірмелерін ұйымдастырды. «Бақытты балалық шақтың күзетінде» атты қайырымдылық акциясының аясында жеткіншектер спортпен тегін шұғылдана алады. Алғашқы жаттығуға әйгілі чемпиондар шақырылды.

Алғашқы жаттығу тәртіп сақшылары дайындалатын спорт кешенінде өтті. Кроссфит, ауыр атлетика, футбол, самбо, қоян-қолтық ұрысқа дәл осы жерден жазылуға мүмкіндік берілді. Осылайша полицейлер жазғы каникул кезінде жасөспірімдердің демалысын түрлендіруді жөн көрді.  

Нұрсұлтан Көшеғұлов, WSB сериясында бокстан әлем чемпионы:

- Біздің мақсат – дені сау, спортшы балаларды тәрбиелеу. Өйткені спорт рухты тәрбиелейді, адам өз-өзін қорғай алады. Біз тәртіпке, балалар арасындағы достыққа басымдық береміз. Мұнда әртүрлі мектеп оқушылары жаттығатын болады.

Ақмола облысында полиция есебінде 600-ге жуық жасөспірім тіркеуде тұр. Оның 140-тан астамы Көкшетау қаласында тұрады. Ұйымдастырушылар спорт секциялары балалардың бойына салауатты өмір салтын сақтау әдетін сіңіреді деп сенеді. Қазірдің өзінде олардың көзінде от жанып, спортқа қызығушылық байқалады.

Ринат Шлегель, 7 сынып оқушысы:

- Қоян-қолтық ұрыс секциясына қатысқым келеді, жаттығудан, сабақтан қалмаймын. Мені теледидардан көрсетсе деп армандаймын! Чемпион болғым келеді.

Кәсіби спортшылардың өнерін тамашалуға Көкшетау қаласының 24 мектебінен оқушылар келді. Бұлар - ювенальды полиция қызметкерлері жақсы танитын, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 150 оқушы.

Мария Грабовецкая, ауыр атлетикадан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері:

- Осынша көп бала спортқа қызығушылық танытады деп күтпеген болатынмын +ауыр атлетика оларға қатты ұнады, бірі секцияға жазылса, бірі сұрақтарын жаударып жатты, біз ауыр атлетика туралы барлығын айтамыз, түсіндіреміз, көрсетеміз. 

Спорт секциялары тек жазғы каникул кезінде ғана емес, сабақ басталғанда да жұмыс істейтін болады. Балалар спортпен тегін шұғылданады.

Авторлары: Мадина Смагулова, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы