384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада ұлттық ат спорты түрлерінен чемпионат мәресіне жетті

  • 908
  • UPD: 21:32, 02.06.2018

Аттың құлағында ойнап, дүбірді естісе делебесі қозатын қазақтың марқасқа жігіттері намысты қолдан бермеді.

Астананың іргесіндегі «Қазанат» атшабарында теңге ілуден екінші, аударыспақтан үшінші Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Кеше басталған байрақты бәсеке бүгінде жалғасты. Екі күнде құрыш білекті, жүрегі түкті жігіттер өзара бақ сынасып, кіл мықтының ішінен шын мықтыны анықтады. 

Астананың 20 жылдығы мерекесі аясында ұйымдастырылған қос бірдей Азия чемпионатына әлемнің 9 елінен 60-қа жуық спортшы қатысты. Бәрі де сайдың тасындай сақа жігіттер. Кеше спортшылар теңге ілуден бақ сынады. Олар сөреден шауып шығып, көз ілеспес шапшаңдықпен шүберекке түйілген тиынды іліп әкетуі тиіс. Сайыс қорытындысы бойынша ел намысын қорғаған Сапарбек Мағжан мен Ізжанов Ғалымжан бірінші және екінші орынды өзара бөлісті. Ал үшінші орын қырғыздарға бұйырды.

Рамазан Сәттібаев, ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы:

- Балаларымыз өте жақсы. Жақында ғана оқу-жаттығу жиынын өтті. Дайындықпен келіп отыр. Аты да өзімен бірге дайындалатын өзінің төл күндегі мініп жүрген аты. Жалпы жүлде қоры 14 миллион теңге. Мұндай мырзалық, үлкен керемет жүректілік, мұндай мейірімділік біздің ұлттық спортта ғана бар.

Теңге ілу сайысы аяқталысымен аударыспақтан үшінші Азия чемпионаты басталды. Алысқанын ат үстінен алып ұратын алыптар бес салмақ бойынша сынға түсті. Сондай-ақ  абсолютті чемпиондық белбеу де бәске тігілді. Қанымызға сіңген бұл спорт түрінен қазақ жігіттері барлық салмақ дәрежесінде қарсыласын сан соқтырып, мықтылықтарын дәлелдеді. Ал абсолютті чемпиондық белбеу ақтөбелік палуан Арман Сағымбаевқа бұйырды.

Арман Сағымбаев, аударспақтан Азияның абсолютті чемпионы:

- Дайындығымыз өте керемет болды. Бір оқу жиын-жаттығуында болдық, Тараз қаласында Қуанышбек Құрамаев ағамыз дайындады. Құдай бұйыртып, осы енді бірінші орын алып отырмын. Дайындаған осы сборда дайындаған Қуан ағамызға рахмет айтамын. Астымдағы ат сол мектептікі Ақтөбедегі.

Биылғы жарыстың тағы бір екшелігі Ат спорт түрлерінен өткен Азия чемпионатына ЮНЕСКО-ның Дәстүрлі спорттар мен ойындар комитетінің өкілдері арнайы келіп, жарыстың ұйымдастырылуына жоғары баға берді. Жалпы Чемпионаттың өтуіне Ұлттық спорт қауымдастығы ұйтқы болды. Бұған дейін теңге ілуден Азия чемпионаты 2015 жылы Астанада, ал аударыспақтан екінші Азия чемпионаты 2016 жылы Қытайда өткен еді. Бұл ұлттық спортымыздың дамып, шетелдердіктерді де қызықтыра бастағанын көрсетеді.

Авторы: Талғатбек Әбді-Қожаев, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы