378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Надаль «Ролан Гаррос» турнирінің 11 дүркін чемпионы атанды

  • 278
  • UPD: 23:18, 10.06.2018
Надаль «Ролан Гаррос» турнирінің 11 дүркін чемпионы атанды Фото: prosports.kz

Парижде «Ролан Гаррос» турнирінің ерлер арасындағы финалында әлемнің бірінші ракеткасы, испаниялық Рафаэль Надаль мен австриялық Доминик Тим күш сынасты.

Осыған дейін 1986 жылғы Р.Надаль «Ролан Гаррос» турнирін он мәрте ұтса, 24 жастағы Д.Тим мұндай жарыстың финалына тұңғыш рет шықты. Қарсыластар өзара 9 рет кездессе, соның алтауында испаниялық, үшеуінде ғана австриялық теннисші жеңіске жеткен еді. Бірінші партияда Р.Надаль брейк жасап, 2:0 есебімен алға шыққанымен, көп ұзамай Д.Тим таразы басын теңестірді. Дегенмен есеп 5:4 болып тұрған кезде испаниялық спортшы тағы бір брейк жасап, сетті сәтті аяқтай білді. Екінші сетті де Р.Надаль қарқынды бастап, 3:0 есебімен алға кетті. Содан кейін де басымдылықты уысынан шығарған жоқ - 6:3. Үшінші партияда Д.Тим өз геймін әупіріммен алып, 1:0 есебімен алға шыққанымен, одан соң сол қарқынын жалғастыра алмады. Р.Надаль бұл сетте де қарсыласына еш мүмкіндік бермей, 6:2 есебімен ұтты. Матч 2 сағат 42 минутқа созылды. Осылайша Рафаэль Надаль «Ролан Гаррос» турнирін 11 мәрте ұтты. Ол осы жеңісімен 2,2 млн доллар табыс табумен бірге рейтингтегі көшбасшылық орнын да сақтап қалды. Бұл – Р.Надальдың «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі 17-жеңісі. Ол «Ролан Гарростан» басқа US Open турнирін - 3, Уимблдонды - 2, Australian Open жарысын 1 рет ұтқан еді.

Еске сала кетейік, қазақстандықтардан ерлер арасындағы жарыста Михаил Кукушкин алғашқы айналымнан аса алмаған болатын. Ал әйелдер арасында Зарина Дияс екінші кездесуінде қарсыласына есе жіберсе, Юлия Путинцева 2016 жылғы «Ролан Гаррос» турниріндегі үздік нәтижесін қайталап, ширек финалға дейін жеткен еді. Енді «Үлкен дулыға» турнирінің бірі Уимблдон жарысына дайындық кезеңі басталады.

Ақпарат көзі: ҚазАқпарат

Хабар 24 телеарнасы