387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Илья Ильин алдағы жоспарларымен бөлісті

  • 379
  • UPD: 15:58, 11.06.2018

Ауыр атлетикадан әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин үлкен спортқа қайта оралды.

Қазақстандық зілтемірші допинг дауынан кейін Олимпиада ойындарындағы екі алтынынан айырылып, екі жылға спорттан шеттетілген болатын. Кеше жаза мерзімі аяқталды. Бүгін Илья үлкен додаларға қайта қосылатынын мәлімдеп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Жекелеген ұлттық компаниялардың қолдауымен Румынияда жаттығып жүрген ауыр атлет дайындық деңгейі 90 пайыздық көрсеткішке жеткенін айтады.

«Жас келген сайын аяқтың бұлшықеттері сыр беріп, қайта қалыпқа келу көп уақытты алады. Алайда ол маған кедергі емес. Ең бастысы жеңіске деген құштарлық оянды», – дейді ол.

Илья Талдықорған қаласында өтетін Қазақстан чемпионатына қатысатынын жеткізді. Егер ел біріншілігінде топ жарса, халықаралық сайыстарға мүмкіндік ашылады.

Илья Ильин, әлемнің төрт дүркін чемпионы:

– Қазір салмағым 101-103 келінің айналасында. Бір айдан кейін халықаралық ауыр атлетикада қандай салмақтар қалатыны анықталады. Содан кейін нақты бір шешімге келемін. 100 келіде жарысқа шығамын деп ойлап отырмын. Осы өткен жұма күнгі жаттығуда жұлқа көтеруде 172 келіні, ал серпе көтеруде 212 келіні бағындырдым. Бұл көрсеткіш қазіргі жағдайда өте жақсы нәтиже, бапкерлер де риза болып жатыр. Күш-қуатымның қайта толысып келе жатқанын сеземін.

Хабар 24 телеарнасы