365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еліміздегі футбол жанкүйерлері өз болжамымен бөлісті

  • 301
  • UPD: 22:33, 14.06.2018

Елімізде «футбол» десе ішер асын жерге қоятындар көп. Сүйікті команданың ойынын тамашалау үшін ел аралап кететін фанаттар бар.

Тарихы тереңге кеткен бұл ойынды көріп өскен жастардың футболды сүюі заңды сияқты. Әлем чемпионатын асыға күткендермен тілшіміз Ақсәуле Байменшина жүздесіп қайтты.

Ардақ Жәңгір футболдан әлем чемпионатын қалт жібермей қарайды екен. 1998 жылы алғаш рет жанкүйер болған Бразилия командасы жеңіліп қалғанда, 14 жасар бала қатты қапаланыпты. Қазір оның бәрін күліп еске алады. Биылғы чемпионатты да асыға күткенін айтады. Жеңістен үміткер командаларды да өзінше болжап қойыпты.

Ардақ Жәңгір, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

- Турнирдің фавариттеріне келер болсақ, 4-5 команда бар. Солардың ішінде Бразилия, Германия, Испания сынды командалар бар, Франция бас жүлдеге таласады. Одан кейін ортанқол командалар Аргентинаны атап кетуге болады. Португалия, Англия бар. Осы командалар негізгі таласқа түседі деп ойлаймын.

Облыстағы футбол қауымдастығының бас хатшысы Асхат Қалжановтың айтуынша, өңірде шамамен 100 мыңнан астам адам футболға жанкүйер. Олардың 50 мыңы жергілікті команданың фанаттары. Футбол біріктіргендердің өз ұстанымы, өз тәртібі мен қалыптасқан қағидалары бар. Сүйікті командасы жеңіске жетсе, бөріктерін аспанға ата қуанады. Жеңіліс тапса, көздеріне жас алатындар тағы бар. Бұл күй футболға шын берілгендерге ғана таныс.

Асхат Қалжанов, облыстық футбол қауымдастығының бас хатшысы:

- Көршіміз Ресей елінде өтетін чемпионатқа барғысы келетіндер көп. Біраз адам кетіп те қалды. Біздің қауымдастық өкілдері де барамыз деп жоспарлап отырмыз. Жалпы, қалада қызу дайындық жүрді. Стадион алдындағы алаңда үлкен монитор орнатылды.

Ақсәуле Байменшина, тілші:

- Қаладағы мейрамханалар мен дәмханалар өздерінің күнделікті жұмыстарына сәл өзгеріс енгізген. Олар футболды тамашалауға келген жанкүйерлерге бар жағдайды жасап қойыпты. Мысалы, мына жаздық дәмхана үлкен монитор орнатқан.

Аяқдоп шеберлерінің аламаны мейрамхана бизнесін жандандыратыны анық. Сондықтанда төрт жылдықтың басты бәсекесіне Шымкенттегі футбол барлары мен дәмханалары дайындықты апта бұрын бастап кетіпті. Ал жанкүйерлер Әлем чемпионатының ашылуы салтанаты мен алғашқы матчты көру үшін дәмханаларға алдын ала тапсырыс беріп қойған. Бір ай бұрын қам жасағандар бар. 

Нұржан Тасыбаев, дәмхана әкімшісі:

- Осы мейрамхана саласында жұмыс істеп жатқан соң, бұл бізге табыс көзі әрі жұмыс береміз. Қазіргі күнде хабарласып, арнайы тапсырыс беріп, «мына столды алып қойыңыз» деп жатқандардың саны өте көп күннен күнге. Қала тұрғындарын, қонақтарын футбол фанатттарын осы жерге футбол көруге шақырамыз.

Қызылордалық Шыңғыс Уәлиханұлы Аргентина құрамасының жанкүйері. Команданың ойынын жібермей қарауға тырысады.

Шыңғыс Уәлиханұлы, қала тұрғыны:

- Қызылордалықтар спорт әлемінде 4 жылда бір болатын елеулі оқиғаны асыға күтті. Әрі, чемпионат бізге көрші елде, жақын жерде болады. Мен Аргентина құрамасына жанкүйер боламын. Ол команданы ойыншысы Лионель Месси үшін жақсы көруге болады деп ойлаймын. Және, бұл жолғы чемпионатта ол өзінің соңғы жүлделерінің бірін алуы мүмкін.

Әр өңірде чемпионатты асыға күткендердің өздері таңдаған командасы, сүйікті ойыншысы бар. Жаны ауырып, жанкүйер болғасын командасының жеңісін көргісі келеді. Не десек те футбол ел мен елді біріктіретін үлкен ойын.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Нұрбек Байбосын, Қамбар Бекенов

Осы категория бойынша: « Әлем чемпионаты 2018: алғашқы матч өтіп жатыр Ресей - Сауд Арабиясы: алаң иелері есепті еселей түсті »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы