369,01 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде Пеле, Неймардың ізін қуғысы келетін ойыншылар өсіп келеді

  • 162
  • UPD: 10:18, 16.06.2018
Ақтөбеде Пеле, Неймардың ізін қуғысы келетін ойыншылар өсіп келеді Vesti.kz

Ақтөбеде Месси, Роналду, Пеле сияқты футболшы болуды армандайтын қарадомалақтар өсіп келеді.

Осыдан 2 жыл бұрын балалар футболын дамыту шаралары қолға алынды. Жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, 15 ауыл мен 12 аудан орталығында «Ақтөбе» футбол клубының бөлімшелері ашылды. Әр 2 ай сайын аудан балалары арасында футболдан турнир өтеді.

Балалар ойын қызығына берілген. Былғары допты қақпайлап, қарсыластың қақпасын көздеп жүр. Ойын барысын жаттықтырушы бақылап, бағыт-бағдар беріп жүр. Баланың – аты бала, жеңіліс тапса, кейде, жігері құм болады. Ондайда ағайлары қолдау беріп, қолпаштап қояды. Нұрдәулет Төреғали 7 жасынан бастап  футбол ойнай бастаған. Қазір біраз төселіп, командадағы үздіктер қатарына енген.

Нұрдәулет Төреғали, жас футболшы:

- Осы футболға 3 жыл барып жүрмін. Мен футболды жақсы көремін. Менің ең үздік ойыншым – Неймар. Ұнайтыны ол ПСЖ-да ойнайды. Сосын әдемі ойнайды. Мен өскенде осы «Ақтөбе» ФК ойыншысы боламын.

Балалар футбол ойнап жүрген жабық кешеннің аумағы 8 мың шаршы метр болады. Мұнда шағын 5 алаң бар. Көп жыл қараусыз қалған нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде қайта жаңғыртылып, қолданысқа берілді. Яғни жасөсіпірмдер қыс мезгілінде де футбол ойнай алады.

Сұлтан Жалғау, жаттықтырушы:

- Балалардың қызығушылығы өте жақсы. Мен 2009 жылғы балаларды жаттықтырамын. Менің қол астымда 40 шақты бала бар. Көп бала әлі де келіп жүр, сұранып жүр. Қызығушылық күшті.

Облыс билігі кәсіби футболды, қыздар және ер балалар арасындағы футболды дамыту үшін нақты шаралар жоспарын жасады. Биыл облыстық бюджеттен спортты дамытуға 5 млрд теңгеден астам қаржы қаралса, оның 2 млрд теңгесі осы футболға жұмсалады. Жалпы, облыс бойынша 22 мыңға жуық жасөспірім спорттың осы түрімен айналысып жүр.   

Ербол Нұрғалиев, облыс әкімінің орынбасары:

- Ауданда 15 футбол орталығын балалар үшін ашқан болатынбыз. Ол жерде 450 бала осы футболмен кәсіби деңгейде айналысуға мүмкіндік алып отыр. Сонымен қатар «Ақтөбе» футбол клубы жанында тағы 300-дей бала бар. Сондықтан біз енді футболдың дамуына көңіл бөліп отырған себебіміз – өзімідің жергілікті футболды, қазақстандық футболды дамыту. 

Балалар футболы осы қарқынмен дамыса, Ақтөбеден Месси мен Пеленің ізбасарлары шығуы әбден мүмкін.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Осы категория бойынша: « Роналдудың хет-тригі Португалияны жеңілістен құтқарды ӘЧ-2018: Қазан Франция – Австралия кездесуін қабылдауға дайын »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы