367,40 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оңтүстік Кореяда дрондық футболдан әлем чемпионаты ұйымдастырылады

  • 191
Оңтүстік Кореяда дрондық футболдан әлем чемпионаты ұйымдастырылады

Оңтүстік Кореяда дрондық футбол бойынша ел чемпионаты өтті.

Енді таныла бастаған спорттың осы түріне қызығушылық артып келеді. Сол үшін Оңтүстік Корея әлемдік дода ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Дрондық футболдан Корея чемпионатына қатысушылар ойын басталардан бірнеше сағат бұрын жиналды. Себебі бұл бәйге тыңғылықты дайындықты қажет етеді. Алдымен дрон пластмасс қаңқаның ішіне бекітілуі тиіс. Содан соң батареясын қуаттап, арнайы полигонда тестілеуден өткізу қажет.

Ким Ду Рок, дрон құрастыру үйірмесінің мұғалімі:

– Дронды құрастыру – өте күрделі шаруа. Қаңқасын, сым мен механизмін дұрыстап бекіту қажет. Ол әр командада әртүрлі болып келеді. Біз батереяны төменгі жағына 3D принтеріне басып шығарылған қамытпен бекіттік. Бұл біздің ұшаққа тепе-теңдік сақтауға мүмкіндік берді.

Ойын металдан жасалған торда өтеді. Оның ұзындығы – 13, ені – 6 метр. Қатысушылар дронды торға кіргізіп, өздері сыртан басқарады. Доданың кәдімгі футболдан айырмашылығы 11 футболшының орнына әр құрамадан 5 дрон шығады. Өз шабуылшылары мен қақпашылары бекітіледі. Егер қарсыластың домалақ қақпасына дрон кірген жағдайда гол салынды деп есептелінеді. Айта кететіні, қақпаға екі қызыл лентасы бар бір ғана дрон кіруі керек. Қызыл мен көк сынды екі команда үш минуттың ішінде бір біріне барынша көбірек гол салып үлгеруі тиіс. Бұл ойында қатысушыларға жас ерекшелігі қойылмаған.

Хван Ёнг Гу, дрондық футболдан Корея чемпионатына қатысушы:

– Біз мына баланың құрған стратегиясының арқасында жеңіске жеттік. Ол бар жоғы 5-сыныптың оқушысы. Чемпионатқа бір ай дайындалдық. Менің ойымша дрондық футбол – кез келген адам ойнай алатын спорттың түрі. Бір дронды сатып алу үшін мың доллар қажет. Оның бөлшектерін жаңартып тұру арқылы ұзақ уақыт қолдануға болады.

Кореядағы дрондық футболдың астанасы – Чонджу қаласы. Дәл осы жерде осыдан екі жыл бұрын ойынның ережесін ойластырып, республикалық жарыс өткізілген. Енді спорттың осы түрі бойынша әлемдік чемпионат өткізу жоспарланып отыр.

Ким Сынг Су, Чонджу қаласының мэрі:

– Бүгінде дрондық футболдан Кореяда сексенге жуық команда бар. Сондай-ақ Англия, Жапония, Қытай және Малайзияның өз құрамаларын айта кеткен жөн. Сол себепті барлық елді 2025 жылы Чонджу қаласында өтетін дрондық футболдан әлем чемпионатына шақырамыз.

Чонджу қаласы әлемге өзінің пибимпап тағамымен танымал. Оның дайындау тәсілін тұрғындары бірнеше ғасырдан бері құпия сақтап келеді. Бірегей асхана мен корей ауылына қызығып, жылына он миллион азамат келіп-кететін көрінеді. Енді туристер ағынының барынша арта түсуіне дрондық футболдан әлем чемпионатының өтуі де оң әсер етпек.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Осы категория бойынша: « Жапония Бельгия құрамасына есе жіберді Дэн Эмброуз Головкинге кеңес берді »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы