369,01 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы үшінші жеңісіне қол жеткізді

  • 344
  • UPD: 12:11, 05.08.2018

Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов венгриялық боксшы Гарбор Горбичпен болған жекпе-жекте қарсыласынан басым түсті.

Бұл – қазақстандық спортшының кәсіби рингтегі үшінші жеңісі. Дүбірлі доданы тікелей эфирде «Хабар» телеарнасының көрермендері Ғалымжан Қараманұлы тамашалады.

Ғалымжан Қараманұлы, twitter@baiimbet:

– Ice Arena Wales – Кардифф қаласы Devils кәсіби хоккей командасының ресми ойын алаңы саналады. Бірақ бүгін оның есіктері өзге спорт түрі үшін айқара ашылды. Үш мыңға жуық британиялық бокс жанкүйері, оның ішінде қазақстандықтар да бар, танымал олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов пен венгриялық боксшы Гарбор Горбич арасындағы жекпе-жекті тамашалауға келді.

Жекпе-жек 6 раундқа созылды. Жұдырықтасу барысында Данияр өз стратегиясын мықтап ұстануға тырысты, соққыларының неше түрін көрсетті, қарсыласты шабуылға шақырды. Басты мақсаты – Гарбор Горбичты жекпе-жек ортасына таман шаршатып, оңдырмай құлату. Венгриялық спортшы да осал болмай шықты. Бірақ Даниярдың шапшаңдығы әрі сезімталдық қасиеті қарсыласын жеңіп, ұпай бойынша алға шығуға септігін тигізді. Оның үстіне Гарбор соққыларды жіберіп алмау үшін әрдайым қорғанумен болды, тәуекелшілдікке салынбады.

Марат Елеусінов, бапкер:

– Алға қойған мақсатты орындап шықты. Бірақ жекпе-жекті уақытына жеткізбей, мезгілінен бұрын аяқтағысы келген. Бірақ қарсыласы өте тәжірибелі. 35 кездесу өткізген.

Кәсіпқой бокстағы алғашқы қадамдарын енді жасап келе жатқан Даниярдың басты мақсаты – рейтинг бойынша ілгерілеу.

Данияр Елеусінов, боксшы:

– Кәсіпқой боксқа енді-енді үйренісіп келе жатырмын. Менің ойымша өте тез үйреніп жатырмын деп ойлаймын. Себебі үшінші ғана кездесу.

Промоутерлері Даниярдың әлеуетінің зор екендігін және жуық арада әлем чемпионы болатындығын айтады. «Әуесқой спорт әлеміндегі боксшының тәжірибесі әлемнің талай додасында топ жарғызады», – дейді олар. Сөз арасында болашаққа деген жоспарларымен де бөлісе кетті.

Зия Алиев, Boxing stars management компаниясының атқарушы директоры:

– Данияр келесі кездесуін күзде өткізуі тиіс. Жекпе-жек қазан айының басында Чикаго қаласында ұйымдастырылуы мүмкін.

Даниярға жанкүйер болу үшін Кардиффке әр қаладан Ұлыбританияда уақытша тұрып жатқан қазақстандықтар, студенттер келді. Боксшының өзі айтқандай, олардың қолдаулары шынымен де үлкен демеу берді.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Осы категория бойынша: « «Барыс» командасының қатары жаңа ойыншылармен толықты Қазақстандықтар Таллинде өткен IRONMAN жарысында үздік нәтиже көрсетті »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы