365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан мен Украина мемлекеттерінің спорт саласындағы байланысы арта түспек

  • 140
  • UPD: 20:22, 17.08.2018
Қазақстан мен Украина мемлекеттерінің спорт саласындағы байланысы арта түспек

Маңғыстау облысы әкімшілігі мен «Арсенал-Киев» футбол командасының келісімшарты негізінде қазақтың екі жас спортшысы жаттығуларын Украина жерінде жүргізетін болды.

Жаттығудан бөлек, ас және жатын орын шығынын да Украинаның «Арсенал-Киев» академиясы өз міндетіне алып отыр.

«Арсенал-Киев» футбол командасының жаттықтыру базасында жас өрендеріміз үшін қолайлы жағдайдың бәрі жасалған. Киев маңында орналасқан бұл аймақта 7 бірдей аяқдоп алаңы бар. Бүгіннен бастап қазақтың екі жасөспірімі жаттығуды осы жерде бастайды, болашақта қазақстандық балалардың санын сегізге жеткізу жоспарда бар.

18 жастағы Алтынбек Мырзабеков пен Жанболат Нұрғазиевті Украина мен хорватиялық футбол майталмандары 22 баланың арасынын іріктеп алыпты. Сырттай өте салмақты көрінетін қос жігіт алаңға шыққанда жалындай жанып тұр екен. Жүрістері ширақ, аяқ алыстары да жаман емес екен, допты да ұршықтай үйіреді. «Каспий» ФК ойыншыларын енді бұдан былай әйгілі итальяндық маман, украиндық клубтың қазіргі тренері Фабрицио Раванелли жаттықтыратын болады.

Самат Ордабаев, Қазақстанның Украинадағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- «Каспий» және «Арсенал» футбол командалары арасындағы келісімшарт негізінде украиналық тарап Қазақстанның екі жас спортшысын жаттықтырады. Барлық шығынды да Украина көтереміз деп отыр. Жігіттеріміз жаттығудан бөлек, ойын тәжірибесін көреді, хас мамандардың сабағын алады. Мұндай іс-шара қазақ футболының деңгейін арттыра түседі деп үміт артамыз.

«Арсенал-Киев» футбол командасының президенті Ивица Пирич алдағы уақытта қазақ спортшысы ғана емес, бапкерлердің де біліктілігін арттыру үшін Украинаға шақыруды жоспарлап отыр. Ивица Пиричтің өзі хорват елінің әйгілі спортшысы. Биылғы әлем чемпионаты кезінде Хорватия футболшылары жасындай жарқырағаны рас, демек біздің ұландардың бұл елден әрі хорват мамандарынан үйренері өте көп.

Ивица Пирич, «Арсенал-Киев» клубының президенті:

- Екі ел арасындағы келісім оң нәтижесін көрсетіп жатыр, бірақ біз бұл жұмысты тоқтатпаймыз. Қазақстанның басқа да аймағынан спортшы алдыртуды көздеп отырмыз. Спортшылар Киев және Хорватия еліне жаттығу жасайды. Қазақстан футбол федерациясы әрі Украинадағы Қазақстан елшілігінің қамқорлығын көріп жүрміз, сондықтан нәтиже көп күттірмейді деп сендіремін.

Алтынбек пен Жанболат футболды 5 сыныптан бері ойнайды екен. Қос қазақ баласының армандары да өте ұқсас. Украинада жаттығуларын бастаған ел жігіттері Қазақстан футбол деңгейін көтерсек деп көксейді екен, бұл мақсаттың да іске асатын күні алыс емес сияқты. Қос спортшының Украинадағы жаттығулары екі жылға дейін созылуы мүмкін.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Михаил Мищенко

Осы категория бойынша: « Қазақстандық велотрекші әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды Қазақстан құрамасы минифутболдан Еуропа чемпионатының ширек финалына шықты »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы