374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыдағы футзалдан ӘЧ-нің ұйымдастырылуына ХСФ жоғары баға берді

  • 180
  • UPD: 18:09, 27.08.2018
Алматыдағы футзалдан ӘЧ-нің ұйымдастырылуына ХСФ жоғары баға берді

Алматыда футзалдан студенттер арасындағы әлем біріншілігі аяқталды.

Бір аптаға созылған айтулы жарыста 16 елдің командасы сынға түсті. Қайрат Құлбарақов жаттықтырған Қазақстан құрамасы күміс жүлдеге қол жеткізді.

Қазақ елінде футзал деңгейінің биіктей түскенін студенттеріміз дәлелдеді. Бұған дейін ұлттық құрамамыз байрақты бәсекелерде әлем мықтыларына сес көрсетсе, студенттер дүниежүзілік жарыстың күміс жүлдесін жеңіп алды. Бұл – бұрын-соңды ел тарихында болмаған нәтиже. Чехия мен Аргентина және Португалия секілді азулы командалардың алдын ораған Қайрат Құлбарақов командасына қандай мақтау айтсақ та жарасады.

Біржан Оразов, Қазақстан құрамасының капитаны:

- Ашылуын өздеріңіз көрдіңіздер, өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қазақтар футзал ойнай алады дегенді біз бүкіл әлемге дәлелдедік.

Елімізде футзалдан Ұлттық студенттер лигасы құрылғалы жоғары оқу орындары арасында бәсекелестік арта түсті. Ауыл жастарына жол ашылды. Соның нәтижесінде шалғайдан келген Дәурен Тұрсақұлов пен Біржан Оразовтар осы жарыстың үздіктері атанды. Талай дарынды жасты тәрбиелеп өсірген Төлеуғали Мұхамеджанұлы «футзалды тек Алматыда ғана емес, барлық өңірлерде дамыту керек», – дегенді жиі айтады.  

Төлеуғали Тайтөлеев, Мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжінің директоры: 

- Біз футзалға көп көңіл аударамыз. Оның бәрі біздің жастарымыз тек қана білім алмай, тек қана ерекше бір маман болмай, жақсы тәрбие алса, жастарымыздың денсаулығы керемет болса дейміз.

Әлем чемпионатының ұйымдастырылуына Халықаралық студенттер федерациясының басшылары дән риза. Өйткені бұған дейін ешбір елде студенттер жарысы дәл осындай жоғары деңгейде өткен емес. Ойынның салтанатты жабылуы да көпшілік көңілінен шықты. Әдемі көріністер мен әсем әндер «Алматы-Аренаға» жиналған жұртшылыққа керемет әсер сыйлады.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Сержан Жұмабаев

Осы категория бойынша: « Бокс: Әбілхан Аманқұл Азия ойындарын жеңіспен бастады «Вуэльта» көпкүндігі: «Астана» жеңістен дәмелі »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы