364,44 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Зағип және көру қабілеті нашар спортшылар велоқұрамасы Берлинге жетті

  • 205
  • UPD: 23:00, 03.09.2018

Астанадан Парижге бағыт алған үлкен веломарафонға қатысушылар Берлинге жетті.

Еске салсақ, көзі нашар көретін және зағип велосипедшілер осыдан бір ай бұрын Еуропаға сапарын бастаған болатын. Осы кезде олар 4 мың шақырым жолды жүріп өткен. 

Берлиндегі елшілік жерлестерімізді зор қошеметпен қарсы алды. Кездесуге Германиядағы дипломаттарымыз бен студенттеріміз және осы елдің зағиптар қоғамының мүшелері қатысты. Жиында сөз сөйлеген елшіміз Болат Нүсіпов Астана-Париж веломарафонының маңыздылығына тоқталса, қатысушылар бұл жоба өмірлері мен өзге адамдардың тағдырын қалай өзгерткенін айтып берді.

Бақтияр Базарбеков, «Шекарасыз спорт» жобасының жетекшісі:

- Беларуссияда мүгедек арбасындағы әйелді кездестірдік. Ол велосипедке мінуді армандап жүрген екен. Оны тандемге отырғызғанымызда, қуанышын жасырмады. Вязьмада да бір бізді жылы қарсы алғандар кездесті. Қатысушылардың бірі ұлы таңғы алтыда тұрып, спортпен айналыса бастағанын айтты.  Біздің әрекетіміз үлгі болғанын спортшылар мен саясаткерлерден жиі естіп жүрміз. Осыған ризамыз. 

Елшіліктегі қабылдаудан кейін экскурсия өтті. Спортшыларымыз Рейхстаг, Бранденбург қақпасы, мұражайлар аралы секілді Берлиннің көрікті жерлерін аралап шықты. Жергілікті тұрғындар мен туристтер байрағымызды көріп, жобаға қызушылықтарын танытты.

Кенжеғұл Сейітжан, веломарафонға қатысушы:

- Бос уақытымда бизнеспен айналысып, отбасыма уақыт бөлемін. Голболдан Қазақстан құрамасының капитанымын, тауға баруды және жүгіруді ұнатамын. Бүкіл қазақстандықтарға айтарым, ең маңыздысы қимыл етуге ықыласыңыз болуы керек, қалғаны өзімен келеді. Әсіресе нашар еститін немесе көзі нашар көретін адамдарға үйде отырмай, көшеге шығыңыздар дегім келеді. Үлкен жол кішкентай қадамнан басталады ғой. 

Астана-Париж веломарафоны осыдан бір ай бұрын басталған. Жалпы өтетін қашықтығы 5 мың шақырым. Арттарында Қазақстан, Ресей, Беларусь пен Польша жерлері қалды. Осындай ұзақ жолға аттанар бұрын, қатысушылар көп жаттыққан.

Данияр Базарбек, веломарафонға қатысушы:

- Салауатты тұрмыс дәстүрін ұстану, шарап ішпей, шылым тартпау қажет. Денеңді шынықтырып, белсенді өмір сүру керек. 

Тандемдерге мінген велосипедшілерімз алғаш рет Орталық Азиядан Еуропаға жеткен. Бұл велосапар тарихта қалары сөзсіз. Енді Эйфель мұнарасына жету үшін бір мың шақырымнан аса жол қалды. 8 қыркүйекте Парижге жету көзделіп отыр. 

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Осы категория бойынша: « Астанада теннистен 12 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты басталды Еліміз Көшпенділер ойындарында 7 «алтынмен» көш бастады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы