374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Головкин мен Альварес үшінші рет жұдырықтаса ма?

  • 502
  • UPD: 16:17, 17.09.2018
Головкин мен Альварес үшінші рет жұдырықтаса ма? Казинформ

Мексикалық боксшы Генаға дейін міндетті қарсылас Давид Лемьемен жұдырықтасуы тиіс.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин екінші кездесуде мексикалық Сауль «Канело» Альвареске ұпай айырмасымен есе жіберді. Спортсүйер қауым көкейінде тағы бір сұрақ?... Үшінші жекпе-жек ұйымдастырылар ма екен?

Лас-Вегастағы екінші кездесуден кейін мексикалық боксшы ерекше қуанды. Чемпиондық атағын иеленіп, шаттанды. Головкинмен үшінші рет жұдырықтасудан қашпайтынын жеткізді.

«Мен жеңіске жеткенімді дәлелдедім. Головкин кері шегінді. Жекпе-жекке көңілім толды. Себебі өте жақсы жұдырықтастым. Таза жеңіс болды. Егер жұрт қаласа үшінші кездесуді де ұйымдастырамыз. Әзірге осы жеңісімнің рахатын сезінбекпін», - деді «Канело».

Екі боксшы арасындағы үшінші жекпе-жек уақыттың еншісіндегі дүние. Мексикалық боксшының промоутері Оскар де ла Хойяның мәлімдеуінше, бұл жекпе-жек туралы айту әлі ерте. Екі боксшы бүгін алған жарақатынан айығу үшін біраз уақыт қажет. Келер жылы өтіп қалуы мүмкін.

Сауль Альварес Генаға дейін міндетті қарсылас Давид Лемьемен жұдырықтасуы тиіс. Бұл кездесу желтоқсан айына жоспарлануда.

Геннадий Головкин жекпе-жектен кейін шаршы алаңда сұхбат беруге қатысқан жоқ. Баспасөз мәслихатына бір-ақ келіп, тілшілер сұрақтарына жауап берді. Ал үшінші жекпе-жек жайлы:

«Мен кім жеңгені туралы айтқым келіп тұрған жоқ. Төрешілер шешімі бойынша «Канело» жеңіске жетті. Жанкүйерлер үшін жақсы жекпе-жек болды. Үшінші жекпе-жек келісімі ойдағыдай болса жұдырықтасамыз», - деді Головкин.

Белгілі спорт сарапшысы Александр Беленкий Vesti.kz сайтына берген сұхбатында үшінші кездесу ұйымдастырылуы екіталай екенін болжады.

«Қарымта жекпе-жек болуы екіталай. Екеуінің қарсыластығы аяқталды. Головкин жеңілді. Альварестің командасы енді мүмкіндік бермейтін секілді. Тіпті ендігі кездесуде Альварестің мықты бола түсетін сияқты. Уақыт өте келе мықтылар да жеңіледі. Қазір Альвареспен бәрі жұдырықтасқысы келеді. Головкинді жасы да жеңді», - деді сарапшы.

Ал еліміздегі спорт мамандарының бірі Рауан Оқас та үшінші кездесу өтетініне сеніңкіремейді. Себебі Сауль Альварес көздеген мақсатына жетті.

«Екеуі үшінші рет шаршы алаңға шығады деп айту қиын. «Канело» өз дегеніне жетті. Чемпиондық атақты иеленді. Головкинге қарсы жұдырықтасуы да оңай емес. Одан да өзге боксшылармен жұдырықтасқан тиімді. Оған қаржы мол табуға сеп болатын қарсылас табылады», - дейді.

Геннадий Головкин мен Сауль Альварес үшінші рет шаршы алаңға шығу үшін қайта келісім қарастырады. Осыған дейін әрең келісіп жүрген промоутерлік ұжымдардың талаптары бір-бірінің көңілінен шығар ма екен?

Бастысы баспасөз мәслихатынан кейін Геннадий Головкин «мен ораламын» деді. Жай айтқан жоқ, зілмен, бар күш-жігері, қажыр-қайратын жинап тұрып айтты.

Осы категория бойынша: « Головкиннің жеңілісін қазақстандықтар қалай қабылдады Головкиннің Альвареске қанша рет соққы жасағаны белгілі болды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы