360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еуропа лигасы: «Астана» Киевте «Динамо» командасымен матч өткізеді

  • 137
Еуропа лигасы: «Астана» Киевте «Динамо» командасымен матч өткізеді

Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі алғашқы тур ойындары өтеді.

Ел чемпионы «Астана» Киевте «Динамо» командасымен алаңға шығады. Елордалық футболшылар Украина астанасына күні бұрын аттанып, Еурокубок додасына әзірліктерін пысықтады. «Астана» мен «Динамо» арасындағы матч кешкі 11-де басталады.

Құрамында 22 футболшысы бар «Астана» Киев қаласына екі күн бұрын келді. Ел чемпиондары Украина астанасынан олжалы қайтуды көздейді. Бас бапкердің міндетін атқарушы Григорий Бабаян жігіттерге үлкен сенім артылғанын тілге тиек етіп, ұпай алуға ұмтыламыз деді. «Астана» ел біріншілігінің кезекті турында «Қайсармен» ұпай бөлісті. Елордалықтар негізгі күшті Еуропа лигасына сақтағаны белгілі.

Григорий Бабаян, «Астана» ФК бас бапкері міндетін атқарушы:

– Бізді қиын және қызықты ойын күтіп тұр. «Динамо» командасының қарымын жақсы білеміз және олар өз үйінде ойнайды, жанкүйерлері де қолдау көрсетеді. Дегенмен уақыттың аздығына қарамай, жақсы дайындықпен келдік. Алғашқы минуттан жинақы ойнап, матч соңына дейін босаңсымау керек. Біз бұл жерге ұпай алып, еліміздің абыройын арттыру үшін келдік.

Александр Хацкевичтен тәлім алатын «Динамоның» қазіргі жағдайы белгісіз. Ішкі біріншілікте Киев командасы ала-құла ойнап жүр. Екі кездесуде жеңіліп, үш ойынды тең аяқтаған «Динамо» бір айдан бері жеңістің не екенін ұмытты. Бүгінгі матч 70 мың адамдық «Олимпиадалық» стадионында Астана уақытымен кешкі 11-де басталады.

Асқар Хамиден, «Астана» ФК баспасөз хатшысы:

– Украинадағы Қазақстан елшілігі бізге хабарласып, осы жақтағы қазақ диаспорасының өкілдері жүзге тарта адам өтініш білдірді. Одан бөлек, «Астана» футбол клубының 12 ойыншысы ресми фан клубының біршама өкілдері осы жаққа келіп, арнайы командаға қолдау білдіретін болады.

Украинаның тағы бір командасы «Шахтер» чемпиондар лигасының алғашқы турында «Хоффенхаймды» қабылдап, 2:2 есебімен тең түсті. «Манчестер Сити» өз алаңында «Лионнан» ұтылып қалды, есеп:1:2. «Аякс» АЕК командасының қақпасына жауапсыз үш доп соқса, «Бавария» сырт алаңда «Бенфиканы» жеңді. Есеп:0:2. «Виктория» - «ЦСКА» 2:2, «Реал» - «Рома» 3:0. «Ювентус» «Валенсиядан» 2:0 есебімен басым түсті. «Манчестер Юнайтед» «Янг Бойздан» айласын асырды.

 

Спорттық гимнастикадан ел чемпионаты

Алматыда спорттық гимнастикадан ересектер мен жастар және жасөспірімдер арасында ел біріншілігі өтіп жатыр. Бұл жарысқа еліміздің әр аймағынан 100-ден аса үміткер келді. Бүгін жекелей сында алматылық Ербол Жантықов 6 сайыстың қорытындысы бойынша 81,70 ұпай жинап, Қазақстан чемпионы атанды. Енді ол келесі айда Дубайда өтетін әлем біріншілігінде бақ сынайды. Жасөспірімдер арасында Владимир Харланов топ жарып, Буэнос-Айресте өтетін жасөсіпірімдер олимпиадасына жолдама алды.

Хабар 24 телеарнасы