366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Леброн Джеймс 154 млн доллар табады

  • 182
  • UPD: 23:47, 25.09.2018

«Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турын Мәскеуде «Динамомен» өткізіп, қосымша уақытта жеңіске жетті, деп хабарлайды «Хабар 24» телеарнасының тілшісі.

Есеп – 3:2. Негізгі уақыттағы ойын 2:2 нәтижесімен аяқталған. Овертаймда Мэтт Фрэттиннің шайбасы елорда командасына жеңіс сыйлады. «Барыс» келесі кездесуін ертең сырт айдында «Витязьбен» өткізеді.

Ертең футболдан Қазақстан премьер-лигасының 25-тур ойындары өтеді. Жүлделі үштіктен дәмелі «Ордабасы» Талдықорғанда «Жетісумен» алаңға шықса, топ басындағы «Астана» «Атырауға» қонаққа барады. Соңғы екі турда жеңісті ұмытқан «Қайрат» Қызылордада «Қайсармен» кездеседі. «Ақтөбе» «Ертісті» қабылдаса, «Ақжайық» Оралда «Тобылды» күтеді. «Қызылжар» «Шахтермен» ойнайды. 

Ендігі мықты – Лука Модрич!

ФИФА тұжырымы бойынша биылғы жылдың үздіктері белгілі болды. Лондондағы салтанатты жиында өткен маусымның таңдаулы құрамы мен білікті жаттықтырушылар да марапатталды. «Жылдың үздік футболшысы» атағына Хорватия құрамасының жартылай қорғаушысы Лука Модрич қол жеткізді. Мадридтің «Реалында» доп тебетін ойыншы бұған дейін әлем чемпионатының мықтысы атанған еді. Енді, міне, Роналду мен Салахты артқа тастап, алты құрлықтың айтулы футболшысы деген мәртебелі атаққа ие болды. Франция құрамасымен әлем біріншілігінде топ жарған Дидье Дешам «Ең үздік бас бапкер» номинациясында жеңіске жетті. Бельгия құрамасының ойыншысы Тибо Куртуа қақпашылар арасында топ жарды. Ал Египет құрамасы мен «Ливерпуль» командасының шабуылшысы Мохамед Салах ФИФА тұжырымы бойынша «Пушкаш» сыйлығын алды. Оның ағылшын премьер-лигасында «Эвертонға» соққан голы талайларды тамсандырды.

Леброн Джеймс төрт жылда 154 млн доллар табады

Америка Құрама Штаттарындағы спорт сайыстарының табыс көзіне айналғаны қашан. Қазір әлемдегі ең бай спортшылар тізімінде баскетболшы жігіттер көп. Мысалы, Леброн Джеймс алдағы төрт жылда 154 миллион доллар қаржы табады. «Лос-Анджелес Лейкерс» командасына тегін ауысқан ойыншы жылына 38,5 миллион доллар алады. 33 жастағы жігіт Ұлттық баскетбол қауымдастығының соңғы сегіз маусымында өз командасын финалға дейін жеткізді. «Майами Хит» клубымен екі мәрте чемпион атанса, сосын «Кливлендпен» бір рет жеңіске жетті. Леброн Джеймс енді «Лейкерсті» чемпиондыққа жетелеймін дейді. Лос-Анджелес командасы бес жылдан бері плей-оффқа шыға алмай жүр.

Хабар 24 телеарнасы