366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

WSB финалы: «Астана арландары» – «Куба Домадорес» – 3:7

  • 123
  • UPD: 22:24, 28.09.2018
WSB финалы: «Астана арландары» – «Куба Домадорес» – 3:7

Қытайда WSB сериясы аясында өтіп жатқан «Астана арландары» мен «Куба Домадорес» командасы арасындағы финалдық кездесу кубалықтардың жеңісімен аяқталды.

Бүгінгі жекпе-жекте ең соңғы болып шаршы алаңға шыққан аса ауыр салмақтағы боксшымыз Қамшыбек Құнқабаев та қарсыласына жол берді, деп хабарлайды Қазақпарат. Ол Хосе Лардуетпен жұдырықтасып, есеп айырмасымен кубалық боксшы жеңіске жетті. Жалпы есеп – 7:3. Осылайша «Куба Домадорес» командасы WSB сериясы аясындағы үшінші чемпиондық атағына қол жеткізіп, «Астана арландарымен» теңесті. «Арландар» осыған дейін үш рет чемпион болған еді.

Жалпы, «арландар» Дүниежүзілік бокс сериясына бірінші маусымнан бері қатысып келеді. Алғашқы маусым 2010 жыл өткен болатын. Клуб та сол жылы құрылған. Сол кезден бастап команда үнемі жүлдегерлер қатарынан көрініп келеді. Ал өз тарихын «Астана арландары» бірден сәтті бастап, алғашқы маусымда-ақ финалға дейін жеткен. Бірінші маусымда Дүниежүзілік бокс сериясына әлемнің 10 елінен 12 команда қатысты. Яғни «арландар» өздерін бірден осынша елге мойындата алды. Бірақ отандастарымыз алғашқы чемпиондық атағына үшінші маусымда қол жеткізді. Финалдық жекпе-жек Қазақстанда өткен еді. «Сарыарқа» спорт кешенінде «Астана арландары» мен «Украина атамандары» кездесіп, жерлестеріміз жеңісті жұлып алған болатын. Келесі маусымнан бастап WSB жобасына кубалықтар қосылып, «Астана арландары» үшін Дүниежүзілік бокс сериясы тіптен қыза түсті. Екі команда 2017 жылдың финалында жолдары түйісті. Бұл кезде екеуінің де еншісінде екі кубоктан бар еді. «Арландар» өз жетістіктерін 2015 жылы қайталаса, кубалықтар алғашқы маусымында-ақ, яғни 2014 жылы жеңіске жетіп, 2016 жылы екі дүркін жеңімпаз атанды. Ал өткен жылы, яғни 2017 жылы қос команда финалдық кездесулерін Астанада өткізді. Негізгі 10 жекпе-жектен кейін есеп 5:5 болып тең аяқталды. Алайда қосымша айқаста Олжас Байниязов текетірес тағдырын «Астана арландарының» пайдасына шешіп, «арландарымыз» өз тарихында үшінші мәрте чемпиондық атаққа қол жеткізді. Осылайша азулы «Куба батырларын» жеңген «Астана арландары» жеңіс жағынан Дүниежүзілік бокс сериясында бірінші орынға шықты. Еншімізде үш кубок бар. Міне, бүгін өз кезегінде кубалықтар да үшінші кубогына ие болды.

Хабар 24 телеарнасы