366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Джакартада парапауэрлифтингтен спортшыларымыз топ жарды

  • 215
  • UPD: 23:07, 08.10.2018

Индонезия астанасы Джакартада мүмкіндігі шектеулі жандардың құрлықтық ойыны басталды. Ол жерде 90-нан аса қазақстандық спортшы 9 спорт түрі бойынша сынға түсіп жатыр және қоржынымызда алғашқы медальдар да бар.

Биылғы құрлықтық параойындар жерлестеріміз үшін сәтті басталды. Ә дегеннен ұлттық құрама қоржынына 1 күміс пен 2 қола жүлде түсті. Әсіресе парапауэрлифтингтен ел намысын қорғаған Алина Солодухина үздік үштікке іліксе, дәл сондай көрсеткішті жүзуден Дмитрий Ли қайталады. Ал парапауэрлифтингтен ерлер арасындағы бәсекеде қазақстандық Давид Дегтярев күміс медаль еншіледі. Ол 54 келіге дейінгілер арасында сынға түскен болатын. Тағы бір ауыз толтырып айтарлық жетістік, отырып ойнайтын волейболдан жерлестеріміз Ирак құрамасынан басым түсті. Қорытынды есеп: 3:2. Айта кетейік, биылғы құрлықтық дода Индонезияда өтіп жатыр және оның жалпы қорытындысы алдағы сенбіде белгілі болады.

Түркістан облысында қазақ күресінен жарыс өтті

Түркістан облысының Бәйдібек ауданында қазақ күресінен жасөспірімдер арасында «Бәйдібек барысы» өтті. Республикалық дәрежедегі турнир ауданның 90 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған. Байрақты бәсекеге Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдері де өз палуандарын әкелді. Сондай-ақ еліміздің 11 облысынан келген қатысушылар бар. Боз кілемде сайысқа түскен 40 спортшының ішінен жеңімпаз атанған  80 келі салмақтағы бәйдібектік Қазыбек Рахышов бас жүлдеге темір тұлпарды иеленді. Екінші орын тағы да ауданның тумасы Жарқамырза Шүкірбековке бұйырса, үшінші орынды Шымкенттік балуан Бақберген Тұрсын місе тұтты.

Бақытбек Танагөзов, Бәйдібек ауданының әкімі:

- Бұл күрестің біздің қазақ халқына, қазақ күресі үшін берері мол. Еліміздің ұландарын патриоттыққа тәрбиелеу үшін. Олардың денсаулығын жақсарту үшін спорттың алар орны ерекше. 

Бірер күннен кейін футболдан ұлттар лигасының кезекті кездесулері өтеді. Осыған орай  қазір ел намысын қорғайтын аяқдопшылар елордаға жиналып, алдағы матчтарға дайындықты бастады. Ұлттық құрама сапында, әсіресе, «Астана» клубының ойыншылары көп екенін айта кеткен жөн. 10 бірдей футболшы бар. Қалғандары ішкі біріншіліктегі командалардан шақыртылды. Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 13 қазан күні сырт алаңда Латвия құрамасына қарсы ойнайды. Ал үш күннен кейін Астанада Андорра аяқдопшыларын қабылайды.

Хабар 24 телеарнасы