360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жасөспірімдер Олимпиадасы: Бесінші жарыс күнінің қорытындысы

  • 441
  • UPD: 17:43, 12.10.2018
Жасөспірімдер Олимпиадасы: Бесінші жарыс күнінің қорытындысы :prosports.kz

Буэнос-Айрестегі жасөспірімдер Олимпиадасының бесінші жарыс күні аяқталды.

Olympic.kz біздің спортшылардың бүгінгі нәтижелерімен таныстырады.

Диана Назарова 50 метрге шалқалай жүзуден әйелдер арасындағы бәсекенің финалына өтті. Алайда, ақтық сында біздің спортшымыз сегізінші орыннан көрінді. Диананың айтуынша, ол қатты қобалжығандықтан өз мүмкіндігін толық көрсете алмаған.

«Шынымды айтсам, нәтижені көргенде, өз көзіме өзім сенбедім. Әрине, алғашқы сегіздікке кіремін деген жоспар болған. Бірақ кешегі жағдайдан соң аздап сенім кете бастады. Қазіргі сәтім де керемет дей алмаймын. Десе де, финалда өнер көрсеттім. Қобалжып кеткен шығармын... Барлығы біз ойлағандай жақсы болмаса да, ақтық сынға өткеніме қуаныштымын», - дейді Назарова.

Бадминтоншы Дмитрий Панарин үшін Олимпиада ойындары аяқталды. Ол жекелей және командалық сында жүлдеге таласқан болатын. Команда бапкері Асқар Ормановтың айтуынша, негізгі міндеттер орындалған.

«Жалпы алғанда, Панарин өз деңгейінде өнер көрсетті. Жарысты жалғастыруға аздаған сәттілік жетпей қалды десем болады. Әлемдік рейтингте екінші орында тұрған жапондық спортшы біздің тобымызға түсті. Дима барынша қарсылық танытты, десе де, әлем үздігін тоқтату мүмкін болмады. Есесіне, біздің спортшымыз Молдова атынан сынға түскенімен Чехияда жаттығатын Кристиан Савинді жеңді. Кристиан ересектер арасындағы Гран-при турнирлеріне қатысып жүрген жігіт. Сондықтан, бұл жеңіс бізді қанаттандырған еді», - дейді бапкер.

Жасөспірімдер Олимпиадасын жеңіл атлеттер сәтті бастады. Ефим Тарасов 400 метрге жүгіруде үздік ондыққа еніп, өз тобында мәреге екінші болып келді. Залюбовская 57.21 уақыт көрсеткішімен жалпы есепте 12-ші орында тұр.

Хабар 24 телеарнасы