360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Футболдан Қазақстан құрамасы Ригада Латвиямен тең ойнады

  • 163
  • UPD: 11:54, 14.10.2018

Қазақстан құрама командасы Ұлттар лигасы топтық кездесуінің үшінші турын Ригада өткізіп, Латвия футболшыларымен тең түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлттар лигасы аясындағы Қазақстан ұлттық құраманың Латвия командасымен болған ойыны ойдағыдай басталған еді. Алғашқы голды 16-минутта жартылай қорғаушы Бақтияр Зайнутдинов соқты, алайда ойынның 40-минутында қарсылас команда есепті теңестірді. Қазақстан құрама қақпасына голды өзіміздің «Ақжайық» футбол клубының ойыншысы, Латвия азаматы Артур Карашаускас салған еді. Одан кейін екі команда спортшылары да жеңіс голын соға алған жоқ. Ойын нәтижесін қорытындылаған Қазақстан командасының бас бапкері Станимир Стоилов, ел жігіттерінің мүмкіндігі мол еді деп бағалады.

Станимир Стоилов, Қазақстан құрамасының бас бапкері:

– Команда жігіттері жас, әлі талай сынақ күтіп тұр. Сондықтан сағымызды сындырмай,спортшылардың кәсіби деңгейін ары қарай арттырамыз. Рас, командамызда шабуылшы жігіттер аз, ол біздің проблема. Бүгін Латвия командасы өзінің осал емес екенін танытты, сондықтан да тең түстік. Жеңіс үшін тырыстық әрине әлі де барымызды салатын боламыз.

Ұлттық құрама командасын қолдауға Латвия мен Литва қаласында оқып жүрген жүзге жуық Қазақстан студенттері жиналды. Ригадағы «Даугаво» стадионында елден арнайы ұшып келген әртіс пен әнші қауымы да тілеулестік танытты.

Алмагүл Бауыржанова, Рига аэронавигациялық институттың студенті:

– Бүгінгі Латвия астанасы Рига қаласында тартысты, өте қызықты ойын өтті. Бұған жүзге жуық Еуропаның әр елінен, Қазақстан студенттері жиналып, жанкүйер болдық. Және бізге кішкене сәттілік жетіспеді. Алдағы уақытта жеңіс күтеміз.

Ұлттар лигасы аясындағы келесі ойынды ұлттық құрама Астанада 16 қазанда Андоррамен өткізбек. Станимир Стоилов ел тұрғындарын жанкүйер болуға шақырды. Қазақстандықтардың ыстық ықыласы бүгінгі ауыр ойыннан кейін бізді шабыттандыратын болады деп үміттенеді ұлттық құраманың бас бапкері.

Авторлары: Аида Қыдырбай мен Миxаил Мищенко

Хабар 24 телеарнасы