383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Барыс» «Автомобилистің» 18 ойынға созылған жеңісті сериясын үзді

  • 373
  • UPD: 23:23, 16.10.2018
«Барыс» «Автомобилистің» 18 ойынға созылған жеңісті сериясын үзді vesti.kz

Бүгін Құрлықтық хоккей лигасында елордалық «Барыс» сырт алаңда Екатеринбургтің «Автомобилист» командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Автомобилист» биылғы доданы өте сәтті бастады. Бүгінгі күнге дейін аталмыш команда 18 ойын өткізді. Барлығында жеңіске жетті. Қазір турнир кестесінде көш басында тұр. Сондықтан «Барыс» үшін бұл кездесу үлкен сынақ болды деуге негіз бар. Екі команда бұған дейін 24 кездесуде айдынға шықты. Соның 15 кездесуінде біздің жігіттер жеңіске жетсе, қалғанында «Автомобилист» үздік шықты.

Биыл «Автомобилист» тізгінін ресейлік маман Андрей Мартемьянов ұстады. Бұл маман келгелі клуб бірде-бір рет жеңілмеген болатын.

Бірінші кезеңде «Барыс» жігіттері есеп ашты. Астаналық команданың канадалық хоккейшісі Патрис Кормье айдын иелері қақпасынан саңылау тапты. Оған әріптестері Даррен Диц пен Роман Старченко әдемі пас шығарып берді. Айта кетерлігі, бірінші кезеңде қос команда да тәртіп бұзбауға тырысты. «Автомобилист» командасынан бірде-бір ойыншы айдыннан қуылмаса, «Барыс» тарапынан тек Алексей Маклюков 2 минуттық айыппен жазаланды.

Екінші кезең бастала салысымен айдын иелері біздің қақпаға бірден лап қойды. Десе де олар өздерінің көздеген мақсаттарына жете алмады. «Барыс» қақпашысы Граховина Доминиктің шеберлігін атамасқа болмас. 25-минутта «Барыс» жігіттері айдын иелерін тағы да қапы қалдырып кетті. Ол да Патрис Кормьенің еншісіне жазылды. Айдын иелері бұдан кейін гол соғуға ұмтылды. Бірақ одан еш нәтиже шығара алған жоқ. Үшінші кезеңді айдын иелері сәтті бастады. 44-минутта Франсис Паре өзінің қанжығасын майлады. Бұдан кейін де олар есепті теңестіруге барын салды. Соңғы минутта олар қақпашыны ойыншыға алмастырып, алты хоккейшімен бізге қарсы шықты. Дегенмен таразы басын теңестіруге шамасы келген жоқ. Есеп – 2:1. «Барыс» жеңіске жетті.

Осылайша «Барыс» «Автомобилистің» 18 ойынға созылған жеңісті сериясын тоқтатты.  «Барыс» енді 18 қазанда Челябіде «Трактормен» кездеседі. Одан кейін бес ойын қатарынан өз айдынында қарсыластарын қабылдайды. Атап айтқанда, 22 қазанда Минскінің «Динамосымен», 26 қазанда Подольскінің «Витязімен», 28 қазанда Новосібірдің «Сибирімен», 30 қазанда Владивостоктың «Адмиралымен», 1 қарашада Челябінің «Тракторымен» кездеседі.   

«Барыс» бұған дейін өз айдынында үш кездесу өткізді. 3 қазанда Мәскеудің ЦСКА командасынан овертаймда 2:3 есебімен жеңіліп қалды. Одан кейін Чехияның «Слован» командасын, Латвияның «Динамо» (Рига) клубын 3:1 есебімен жеңді. Сондай-ақ 14 қазанда сырт айдында Омбының «Авангард» клубына 3:5 есебімен жол берді. 

Хабар 24 телеарнасы