378,62 431.00 6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Боксшы Айбек Оралбай – жасөспірімдер олимпиадасының чемпионы

  • 1339
  • UPD: 08:11, 18.10.2018
Боксшы Айбек Оралбай – жасөспірімдер олимпиадасының чемпионы Dixinews.kz

Буэнос-Айресте өтіп жатқан жасөспірімдер олимпиадасында қазақстандық боксшы Айбек Оралбай чемпион атанды.

А.Оралбай 91 кг салмақта алжирлік Мохаммед Амин Хаседпен күш сынасты. Айбек үш раунд бойы қарсыласын тықсырып, үздік өнер көрсетті. Бес төрешінің барлығы 30:27 есебімен жеңісті қазақстандық боксшыға берді. Осылайша, Қазақстан құрамасы бокстан да алтын жүлдені қоржынға салды, деп жазады ҚазАқпарат.

Болашағынан үлкен үміт күттіретін 18 жастағы А.Оралбай биыл Азия чемпионатында алтыннан алқа тақса, әлем біріншілігінде күміс жүлдегер атанған еді. Айбектен кейін іле-шала рингке боксшы қызымыз Надежда Рябец шықты. Ол қыздар үшін ауыр салмақ болып есептелетін 75 келіде тағы бір алжирлік Ичрак Чаибпен қола жүлде үшін таласты. Надежда Рябец те ел үмітін ақтап, алжирліктен бір бәс жоғары тұрды. Бес төреші түгелдей жеңісті біздің спортшының есебіне жазды.

18 жастағы Н.Рябец 2014 жылы жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанса, биыл Қостанайда Азия біріншілігінде үздік шыққан еді. Енді, міне, жасөспірімдер олимпиадасында қола жүлдеге қол жеткізіп отыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дамир Тойбай (+91 кг) финалда ресейлік Алексей Дроновқа есе жіберіп, күміс жүлдегер атанған болатын.

Енді бокстан Қазақстан құрамасы тағы бір алтын жүлдеден үмітті. Талғат Шайкен бүгін сағат 23:15 шамасында 64 кг салмақта ресейлік Илья Поповпен финалдық кездесуге шығады. Кеше олимпиада алтынын велоспорттан Қазақстан ерлер командасы да ұтып алған еді. 

Буэнос-Айрес астанасы Аргентинада ІІІ жазғы жасөспірімдер олимпиадасы 6-18 қазан аралығында өтеді. Оған 206 мемлекеттен 4 мың спортшы қатысуда. Жарыстар бағдарламасына спорттың дәстүрлі 28 түрінен бөлек спорттық билер (брейк-данс), каратэ, тауға өрмелеу, роликпен сырғанау қосылып отыр. 

Хабар 24 телеарнасы