383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚХЛ: Астананың «Барысы» Минскінің «Динамосын» ұтты

  • 431
  • UPD: 23:32, 22.10.2018
ҚХЛ: Астананың «Барысы» Минскінің «Динамосын» ұтты

Құрлықтық хоккей лигасының кезекті ойынында «Барыс» «Барыс Аренада» Минскінің «Динамо» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мұның алдында Челябі қаласында «Тракторды» овертаймда 5:4 есебімен тізе бүктірген астаналықтар 17 ойыннан кейін 24 ұпаймен жалпы кестеде 11-ші, Шығыс конференцияда жетінші орында тұрған-ды. Ал қатарынан сегіз мәрте жеңіліс тапқан минскіліктер 19 кездесуден соң небәрі 11 ұпай жинап, Батыс конференциясында көш соңында келеді. Соған қарамастан тартысты өткен матчтың бірінші кезеңінде есеп ашылған жоқ. Екінші кезеңде «Динамо» командасы тәртіпті жиі бұзып, айдыннан қуыла бастады. Тіпті «Барыстың» бес бірдей ойыншысына қонақтардың үш қана хоккейшісі қарсы тұруына тура келді. Дәл осы тұста астаналықтар есеп аша алмағанымен, қарсыластарын тықсыра түсті. Бұл өз жемісін берді. 31-минутта Даррен Диц пен Кертис Валктың көмегімен Дмитрий Шевченко биылғы маусымдағы өзінің үшінші голын соқты. Көп ұзамай «Динамо» сапынан тағы да қос бірдей хоккейші айдыннан қуылды. Олардың шығуына санаулы секундтар қалғанда, Роман Старченко мен Никита Михайлистен пас алған Андре Петерссон 37-минутта есепті 2:0-ге жеткізді. Бұл оның биылғы біріншіліктегі жетінші голы еді.

Үшінші кезең басталғаннан кейін бір минут өтер-өтпестен Денис Осиповтың қақпаға бағыттаған шайбасын тоқтата алмаған Хенрик Карлссон қапы қалды – 2:1. Дегенмен «Динамодан» тағы бір ойыншы қуылған сәтті айдын иелері пайдалана білді. Командаға биыл қайта оралған Дастин Бойд 48-минутта (пас берген – Кертис Валк пен Мэттью Фрэттин) өз мүмкіндігін қалт жібермеді – 3:1. Матч соңына таман «Динамоны» жаттықтыратын канадалық бапкер Горди Дуайер тәуекелге барып, қақпашысын айдындағы ойыншыға ауыстырды. Алайда одан ештеңе шықпады. Осылайша «Динамо» командасын 3:1 есебімен ұтқан елордалықтар ұпай қорын молайтып, турнир кестесіндегі жағдайын жақсарта түсті.

Бұл – «Барыстың» қатарынан үш мәрте жеңісі. Айта кетейік, Андрей Скабелканың шәкірттері өз айдынындағы кездесулерін бұдан кейін де жалғастырады. Олар 26 қазанда Подольскінің «Витязь», 28-інде Новосібірдің «Сибирь», 30-ында Владивостоктың «Адмирал», 1 қарашада Челябінің «Трактор» командаларын қабылдайды.

Хабар 24 телеарнасы