382,75 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмолалықтар олимпиада жүлдегерлерін күтіп алды

  • 543
  • UPD: 16:40, 24.10.2018

Ақмола облысының спортшылары соңғы екі жылдың көлемінде түрлі әлемдік байрақты бәсекелерде 54 алтын медальға қол жеткізген.

Одан бөлек 100 шақты күміс және қола жүлделер тағы бар. Бұл – аймақ үшін үлкен мақтаныш. Өңір спортшыларының мұндай жетістікке жетуіне не себеп? Облыста спортқа деген қамқорлық қандай?

18 жастағы боксшы Талғат Шәйкен кеше ғана Аргентинада өткен жасөспірімдер Олимпиадасынан жүлделі оралды. Оның күміс медалі көкшетаулықтар үшін алтынмен пара-пар. Талғат бокспен 10 жасынан бастап айналысып келеді. Ал аталған Олимпиада ол үшін үлкен спортқа деген алғашқы қадам.

Талғат Шәйкен, жасөспірімдер олимпиадасының жүлдегері:

- Осы жарысқа алдында Қытайда оқу-жаттығу жиындары өтті. Қытайда барымызды салдық, дайындалдық. Аргентина нақты нәтиже көрсеттік. 3 айқас. Оның бірінде Коста-Риканың спортшысы шығудан бас тартты.  Жартылай финалда марокколық боксшы, финалда орыс боксшысымен кездестім. 

Жасөспірімдер олимпиадасынан жеңіл атлет Анастасия Глухарева да жүлдемен келді. Ал Талғат Шәйкен «енді 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына қатыссам», – дейді. Облыста осындай талантты спортшыларды жаттықтыратын 29 спорт мектебі бар. Олимпиадалық резервті даярлау орталығы мен спорт интернатының жөні бөлек. Ал аймақтың спорт саласына ел қазынасынан жыл сайын шамамен 5 млрд теңге қаржы бөлінеді екен.

Әсет Бүкібаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

- Үкімет жағынан спортшылар үшін көп шаралар істеліп жатыр. Біздің мектептер істеп жатыр. Мектептерде 14 мың бала жаттығуда. Олар үшін 1 млрд 500 млн астам ақша бөлініп жатыр. Енді бізде жоғары спорт мектебі бар. Оның бюджеті де кішкентай емес. 300 млн астам. Материалды-техникалық база соңғы жылдары жаман емес.

Өңірде тек спортшыларды ғана жаттықтырып қоймай, жалпы халықты салауатты өмір салтына баулу үшін аудан, ауылдарда қазір спорт алаңдары ашылып жатыр. Бір ғана мысал. Жыл сайын «Ақбидай» жазғы спартакиадасын өткізетін ауданға міндетті түрде бір стадион салынады. Одан бөлек меценаттардың көмегі және мемлекеттік бағдарламалар бойынша да спорт нысандары көбеюде. 

Әсет Бүкібаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

- Елбасымыз жолдауда айтқандай, министрлікте «Жол картасы» жасалып жатыр. Алла жазса, біздің 9 нысан кіреді. Кеше ғана біздің мамандарымыз министрлікке барып, келесі жылға екі нысан жоспарланып отыр. Ол Целиноград ауданында және Ерейментау ауданында.

Ал дәл осындай спорт кешендері алдағы 4 жылдың ішінде тағы 7 ауданда бой көтермек. Жалпы, Ақмола облысында қазір 2300-ден астам спорт нысаны бар. Халықтың 28 процентке жуығы спортпен айналысады.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы