380,56 429.20 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда бокстан ел чемпионатының ширек финалистері анықталды

  • 701
  • UPD: 22:04, 15.11.2018

Қазақстандық балуандар Аманғали Бекболатов пен Қахарман Қисметов грек-рим күресінен 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатында қола медальға қол жеткізді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бухарест қаласындағы біріншілікте жерлестеріміз 55 және 72 келі салмақ дәрежелерінде жүлде алды.

Ақтауда бокстан ел чемпионатының ширек финалистері анықталды. Ең жеңіл салмақта Теміртас Жүсіпов топ жарудан үмітті. Ақмола облысының былғары қолғап шебері жартылай финал жолдамасын павлодарлық Сабыр Жолаушиевпен сарапқа салады. Бұл салмақта Жомарт Ержан мен Шалқар Айқынбай да бас жүлдеден дәмелі. 60 келіде еліміздің екі дүркін чемпионы Зәкір Сафиуллин жүр. Шымкент спортшысы ширек финалда атыраулық Асылхан Ұзақбаевпен жұдырықтасады. Жастар арасындағы Азия чемпионы Саматәлі Төлтаев та жарысты жалғастырады. 75 келіде Әбілхан Аманқұл Рустам Сыбаевтан басым түсіп, ширек финалға шықты. Маңғыстаулық Ерік Әлжанов та келесі кезеңге өтті. 91 келіде олимпиаданың күміс жүлдегері Василий Левиттен бөлек Мұхамеджан Еркін мен Бекзат Нұрдәулетов бар.

Дзюдодан Қазақстан чемпионаты 

Дзюдошылар Астанаға жиналды. Татами шеберлері «Дәулет» спорт кешенінде ел чемпиондарын анықтап жатыр. Кеше қызылордалық балуандар екі салмақта топ жарды. Серік Ақылбек 73 келіде жеңіске жетсе, Саламат Жұрқабаев 81 келіге дейінгілер арасында ел чемпионы атанды. Қыздар жарысында Анна Козюлина, Ақниет Тұрдан және Аэлита Щербакованың мерейі үстем болды. Дзюдошылар сайысы ертең аяқталады.    

Қазақ күресінен ел чемпионаты  

Қазақ күресінің мықтылары Петропавлда бас қосты. Ел біріншілігіне 300-ге жуық балуан жиналды. Кезекті жарыс күні ауыр салмақтың мықтылары анықталды. «Қазақстан барыстарының» бәсекесі тартысқа толы болды.

Шалқар Жоламанов, жарыстың бас төрешісі:

- «Қазақстан барыстары» жеңіліп қалып жатыр. Ол қазақ күресінің деңгейі өсті деген сөз. Жергілікті Петропавл қаласының палуандары кеше үш күміс алды. Шыны керек, Петропавл қаласының палуандарының нәтижелері аз болатын. Міне, кеше бәріміз таң қалып отырмыз. 

90 келі салмақ дәрежесінде шымкенттік Әділжан Ыстыбаев жамбылдық Аян Рысбайдан басым түсіп, ел чемпионы атанды. 100 келіде Қызылорданың балуандары өзара бас жүлдені сарапқа салды. Финалда Сырым Сәлімгереев Мақсат Исақабыловтан айласын асырды. Түйе балуандар белдесуінде Руслан Әбдіразақов жеңіске жетті. Екінші орын астаналық Айбат Сейтеннің еншісінде кетті.

Хабар 24 телеарнасы