389,91 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Буэнос-Айресте «алтын» жеңіп алған жасөспірім чемпиондарға 10 мың доллардан берілді

  • 619
  • UPD: 23:38, 16.11.2018

Астанада Жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне құрмет көрсетілді.

Үшінші жасөспірімдер олимпиадасының чемпиондары 10 мың доллар сыйақы алды. Күміс жүлдегерге 5 мың доллар табысталса, қола медаль иегері 3 мың АҚШ долларын еншіледі. Бүгін жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев пен мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы марапаттады. Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында өткен кешенді сында Қазақстан құрамасының спортшылары 4 алтын 3 күміс 3 қола медаль ұтып алды. Естеріңізге сала кетейік, боксшы Айбек Оралбай, ескек есуші Диас Бахриддин және велоспортшылар Глеб Брусенский мен Евгений Федоров, дзюдошы Бекарыс Сәдуақас жасөспірімдер арасындағы олимпиада ойындарының чемпионы атанған болатын.

Бекарыс Сәдуақас, дзюдодан Жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы:

- Өзіме сендім. Бұл жарыстағы балалармен алдындағы жарыстарда күрескем. Оқу-жаттығуларда күрескенмін. Бәрінің қыр-сырын білем. Сондықтан сенімді болдым, бірінші орын алуға. 

Астанада дзюдодан ел біріншілігі аяқталды. «Дәулет» спорт кешенінде төселген татамиде ұлттық құрамадан үміттілер анықталды. Соңғы жарыс күні Зарина Райфова мен Камила Берліқаш Қазақстан чемпионы атанды. Ерлер арасындағы 90 келіге дейінгі салмақта Әзиз Қалқаманұлы топ жарды. Финалда ол Ислам Бозбаевты ұтты. 100 келіде Виктор Демьяненко жеңіске жетті. Аса ауыр салмақта Шығыс Қазақстандық Ерасыл Қажыбаевтың мерейі үстем болды. 

Ақтауда бокстан ел біріншілігінің ширек финалдық сайыстары өтті. 52 келіде Азат Махметов 2017-ші жылғы Қазақстан чемпионы Олжас Байниязовтан басым түсіп, жартылай финалға шықты. Бүгін 56 келі салмақтағы әлем чемпионы Қайрат Ералиев Нұрсұлтан Исаханды жеңді. Бас жүлдеден үмітті мықтының бірі Ілияс Сүлейменов Ақмола облысынан келген Оразбек Асылқұловтан ұтылып қалды. Аса ауыр салмақта жартылай финалдық жұп белгілі. Қамшыбек Қоңқабаев Ержан Сейтімбетовпен қолғап түйістірсе, Нұрлан Сапарбай Айболды Дәуренұлымен шаршы алаңға шығады. Ел чемпионаты жексенбі күні аяқталады.

Хабар 24 телеарнасы