378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанада Динара Сәдуақасованың шахмат академиясы ашылды

  • 424
  • UPD: 20:20, 22.12.2018

Елордада Динара Сәдуақасова атындағы шахмат академиясының тағы бір филиалы ашылды.

Енді астаналық балғындар мен жасөспірімдерге зияткерлік ойынды жетік меңгеріп, арнайы сабақтарға қатысуға мүмкіндік туып отыр. Жетім және әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасының балалары мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін сабақ тегін жүргізіледі. Мектепте жас ерекшелігіне қарай бірнеше топ жұмыс істейді. Балалар 5 жастан бастап қабылданады. Кейбір жаттықтырушылар шетелден шақыртылған. Шахматтан бірнеше дүркін әлем чемпионы және халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Динара Сәдуақасова атындағы шахмат академиясына қазір 250-дей бала мүше. Бірегей үйірме тағы да кеңейе түспек.

Динара Сәдуақасова, шахматтан бірнеше дүркін әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі гроссмейстер:

- 2019 жылдың қаңтар айында Атырауда тағы бір филиалымызды ашуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар студенттер арасында республикалық турнир ұйымдастырмақшымыз. Осы арқылы елімізде шахмат ойыны қаншалықты дамып келе жатқандығын аңғаруға болады. Әсіресе бізді балалардың қызығушылығы қуантады. Сол үшін жұмыс істейміз.

Хабар 24 телеарнасы