389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нидерландыда қазақ күресінен Еуразия кубогы өтті    

  • 995
  • UPD: 23:29, 24.12.2018

Қазақстандық кәсіпқой боксшылар Айдос Ербосынұлы мен Нұрсұлтан Жаңабаев шаршы алаңдағы кезекті жеңістеріне қол жеткізді. Ал балуанымыз қазақ күресінен Еуразия кубогының қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нидерландыда қазақ күресінен Еуразия кубогы өтті. Біріккен күрес әлемінің күнтізбесіндегі жарысқа Еуропадан Грузия, Голландия, Беларусь, Германия құрамалар қатысса, Азиядан Қазақстан, Моңғолия, Өзбекстан және Қырғызстан балуандары келді. Командалық сында біздің балуандар өзбек жігіттерінен 3:2 есебімен басым түсіп, сосын қырғыз спортшыларын да қапы қалдырды. Финалға берілер жолдаманы моңғол балуандарымен сарапқа салған жерлестеріміз бес салмақтың үшеуінде қарсыластарына есе жіберді. Жақсылық Мұсырманов пен Қуаныш Мұратовтың жеңісті жолын өзге жігіттер жалғастыра алмады. Еуропа тобынан Грузия құрамасы жеңіске жетті. Финалда Моңғолиядан басым түскен грузин балуандары Еуразия кубогының иегері атанды. Қазақстан қызғалдақты елдің құрамасын ұтып, үшінші орынды қанағат қылды.

Серік Төкеев, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы президентінің бірінші орынбасары:

- Еуразия кубогы өте жоғары деңдейде өтті деп ойлаймын. Өйткені бұл жерде Еуропа мен Азияның ең мықты деген командалары қазақ күресінен күресті. Енді келесі жылы үлкен дүниежүзілік ойындар болайын деп жатыр. Сол дүниежүзілік ойындарға лицензия алып жатыр.

Қазақ жігіттерінің кәсіби рингтегі кезекті жеңісі  

Мәскеудегі кәсіби бокс кешінде қазақ жігіттерінің мерейі үстем болды. Ресей астанасында төрт бірдей отандасымыз жеңіске жетті. Екінші орта салмақтағы Айдос Ербосынұлы бельгиялық Ильияс Ачергимен шаршы алаңға шығып, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады. 27 жастағы жерлесіміз кәсіпқой бокстағы оныншы жеңісіне қол жеткізіп, WBO Global тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуге иелік етті.

Айдос Ербосынұлы, WBO Global чемпионы:

- Қарсыласым өте тәжірибелі. Ол жастар WBC тұжырымы бойынша арасында әлем чемпионы болған. Жақсылап дайындалдық осы жекпе-жекке. Енді-енді қызып, жақсы соққыларым өтіп келе жатыр еді, қарсылас жарақат алып, жекпе-жектен бас тартты.  

Нұрсұлтан Жаңабаев та кәсіби рингтегі алтыншы жеңісін тойлады. Қазақ боксшысы Филиппиндік Арней Тинампаямен жұдырықтасып, бірінші орта салмақта WBC Asia тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуге қол жеткізді.

Нұрсұлтан Жаңабаев, WBC Asia чемпионы:

- Оны бас салып ұрып тастай алмадым. Өйткені өзім де қарсы соққыдан сескендім. Бірақ құлатқым келді. Қатты соққылар арасында ұрдым. Құламайтын болғаннан кейін өзім қашып жүріп істеу керек болды.     

«Реал» клубтар арасында әлем чемпионы атанды     

Клубтар арасындағы әлем чемпионатында Мадридің «Реалы» топ жарды. Финалда олар жарыс қожайындары «Әл-Айн» командасынан басым түсті. Әр құрлықтың чемпиондары сынға түскен жарыс Біріккен Араб Әмірліктерінің Әбу-Даби қаласында өтті. «Әл-Айн» финалға дейін Латын Америкасының мықтысы «Ривер Плейттен» айласын асырды. «Реал» да шешуші сынға дейін іркілмей шықты. Алаң иелері матчты ширақ бастап, бірнеше қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Алайда 14-минутта испан командасы есеп ашты. Лука Модрич «Әл-Айн» қақпасын дәл көздеді. Үзілістен кейін Льоренте мен Серхио Рамос мергендік танытып, нәтижені ұлғайта түсті. «Әл-Айн» сапынан Сиотани жалғыз доппен жауап қатты. Ойын аяқталар тұста Надер өз қақпасына гол соқты. Қорытынды есеп – 4:1. «Реал» клубтар арасындағы әлем чемпионатында төртінші мәрте топ жарды.

Хабар 24 телеарнасы