378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Су спорты түрлері бойынша жыл үздіктері анықталды

  • 711
Су спорты түрлері бойынша жыл үздіктері анықталды

Астанадағы №4 мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебі жылды қорытындылап, үздіктерді марапаттады.

Бұл мекеме жүзу, ескек есу және суға секіру сияқты спорт түрлерін біріктіретінін айта кеткен жөн. Сондықтан жыл үздігін анықтауда әр бағыт бойынша халықаралық, құрлықтық және әлемдік деңгейдегі жетістіктер негізге алынды. Атап айтқанда, жүзу бойынша Азия ойындарының қола жүлдегері Әділбек Мусин марапатталды. Ал байдарка мен каноэде ескек есуден Ануар Акчурин және академиялық ескек есуден Ярослав Котляров үздік атанды.

Бұл спортшыларға №4 спорт мектебінің директоры Мақсат Қадырбаев ерекше құрмет көрсетіп, ақшалай сыйақы табыстады. Бұған қоса, салтанатты шарада суға секіруден болашағынан зор үміт күттіретін Данил Егоров та марапатталды. Осындай спортшыларды дайындаған бапкерлер құрамы да назардан тыс қалмады. Әсіресе, байдарка мен каноэде ескек есу бойынша Сергей Тиунов, академиялық ескек есу бойынша Асылан Құсайынов, Айшамбек Ибрашев, суға секіру бойынша Евгения Понгаренко және жүзу бойынша Александр Кудрявцевтердің еңбегі ерекше атап өтіліп, ақшалай сыйақыға ие болды.

Спорт мектебінің басшысы Мақсат Қадырбаевтың айтуынша, мұндай шаралар спортшылар мен бапкерлер еңбегін елеусіз қалдырмауға және қосымша ынталандыруға зор үлес қосады. Ал жалпы 2018 жылдағы су спорт түрлері бойынша мекеменің көрсеткіштеріне жоғары баға берді. Алдағы уақытта осы қарқыннан таймай, нәтижені еселеу көзделіп отыр.

Хабар 24 телеарнасы