378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Барыс» ҚХЛ-дағы кезекті кездесуін сәтсіз аяқтады

  • 422
  • UPD: 22:36, 11.01.2019

«Барыс» құрлықтық xоккей лигасындағы кезекті кездесуін сәтсіз аяқтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қытайдың «Куньлунь» командасын қабылдаған елордалықтар 1:3 есебімен есе жіберді. Кездесу айдын иелері үшін сәтті басталған. Ойынның алғашқы минутында Алексей Маклюков есеп ашты. Алайда Қытай командасы екі мәрте нәтижелі жауап қатты. Үзілістен кейін де қонақтар сауатты ойнап, қақпаларын шайбадан сақтап қалды. «Барыс» соңғы кезеңде де азу көрсете алмады. Қарымта шабуылды нәтижеге ұластырған «Куньлунь» хоккейшілері бос қақпаны дәл көздеп, матчқа нүкте қойды. Есеп - 3:1. Қытай командасы маңызды үш ұпайды алып қайтты. «Барыс» жексенбі күні «Сочиді» қабылдайды.

Андрей Скабелка, «Барыс» ХК бас бапкері

Гол соққанымызға қарамастан, ойынымыз жүрмеді. Екі шайба өткізіп алдық. Одан да көп болуы ықтимал еді. Дайындық жетпеді. Эмоция жетпеді. Өз айдынымызда ойнасақ та, жігіттердің бойынан жігер табылмады.

 

Қазақстандық велотрекшілер 2019 жылды сәтті бастады

Индонезияда өтіп жатқан Азия біріншілігінде жасөспірімдеріміз жеңіс тұғырына бірнеше рет көтерілді. Қыздар арасындағы командалық сында Ақпейіл Өсім, Кристина Титовская, Эльвира Хамзина және Кристина Стужук құрлық чемпионы атанды. Жігіттер командалық спринтте үшінші орынға тұрақтады. Кейрин бәсекесі бойынша Темірхан Сиязбеков екінші орын алды. Омниумда Ақпейіл Өсім үшінші болып мәре сызығын кесті. Азия чемпионаты 14 қаңтарға дейін жалғасады.

 

Энди Маррей Үлкен спорттан кететінін мәлімдеді

Британиялық теннисші Энди Маррей биыл «Уимблдон» турнирінен кейін үлкен спорттан кететінін мәлімдеді. Австралия ашық біріншілігіне дайындалып жатқан спортшы мұндай шешімге жамбасындағы жарақаты жиі мазалай берген соң келіпті. Маррей олимпиада ойындарында екі мәрте топ жарған әлемдегі жалғыз теннисші. АТР турнирлерінде 47 мәрте жеңіске жетті. «Үлкен шлем» жарыстарының финалында 11 мәрте ойнады. Энди 2012 жылы АҚШ ашық біріншілігінде топ жарды. «Уимблдонда» 2013 және 2016 жылдары жеңімпаз атанды. Әлемнің бірінші ракеткасы болды. Маррей биылғы Австралия ашық чемпионатының алғашқы кезеңінде испаниялық Роберто Баутиста-Агутпен кездеседі.

Хабар 24 телеарнасы