378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда Sport сity қалашығының құрылысы басталады

  • 364
  • UPD: 23:40, 23.01.2019

Павлодарда биыл бір емес, бірнеше ірі спорттық нысанның құрылысы басталады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Олар: озық үлгідегі жеңіл атлетика манежі, халықаралық және республикалық деңгейдегі жекпе-жектерді өткізуге арналған Олимпиада резевртерін даярлау орталығы және жабық футбол манежі. Барлығы Sport сity қалашығында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтереді.

Ертіс өңірінің халқы  көптен күткен Sport сity жобасы биыл толыққанды жүзеге асатын сыңайлы. Жаңа басталған жылда ұзақ уақыт айтылып келген спорт қалашығының құрылысы қарқын алды. Жобаның құны 14 миллиард тенгеден асады.

Марат Айдашев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының  басшысы:

- Бірінші жоба – солтүстік өндірістік аумақта орын тепкен мұз айдыны. Құрылысы аяқталып, құрылғылары орнатылып жатыр. Инженерлік желілердің іске қосылуын күтіп отырмыз. Жуық арада қолданысқа беріледі деп ойлаймын. Екіншісі – жеңіл атлетика манежі. Оның құрылысын жүргізуге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша серіктес таңдалып алынды.

Спорт қалашығында Олимпиада резервтерін даярлау орталығы және футбол манежі пайда болады. Екеуі де демеушілердің қаражатына салынады. Ал өткен жылдың аяғында қолданысқа берілген 50 метрлік жүзу бассейні павлодарлықтар үшін теңдессіз сый болды.

Тимур Колосков, «Павлодар» әлеуметтік даму КҚ директорының орынбасары:

- Халықаралық стандарттарға сай келетін ұзындығы 50 метрлік жолағы бар. Енді оның деңгейіне сәйкес келетін жарыстар өткізуге болады. Бұл бассейн спортшылардың ғана емес, қарапайым тұрғындардың да үлкен қызығушылығына ие болды.

Бүгінде олимпиадалық спорт түрімен Павлодар облысында 5 мыңдай адам айналысады. 80 спортшы Қазақстанның ұлттық құрама командасының сапында өнер көрсетеді. Жуырда облыс орталығында тағы бір спорт кешені іске қосылады.

Бұл – Павлодарда ашылған алғашқы жабық футбол алаңы. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген спорттық нысан тәулік бойы жұмыс істеуге әзір. Қазір қаладағы футбол орталықтарының барлық командалары осында келіп жаттығуларын жасайды.

Аймақтың спорттық инфрақұрылымына қаржы салуға жекеменшік компаниялар ынталы. «Болашақ-Арена» деп аталған жабық футбол манежі әлі ресми ашылған жоқ. Соған қарамастан көк кілем үсті доп тебушілерден босамайды.

Нұрхан Қыдырбай, Ертіс даярлық тобы футбол орталығының  қорғаушысы:

- Мен футболмен 6 жыл бойы айналысып келемін. Бұған дейін көп жерлерде болып жүрдік. Көп жаттығулар жасап жүрміз. Бірақ мұндай алаң әлі болған жоқ еді. Осы алаңды іске қосып жатқандарға үлкен рақметімізді айтамыз.

Ертіс өңірінде спорттың барлық түрі бойынша алға ілгерілеу бар. Соңғы екі жылда үлкенді-кішілі 166 жаңа спорт нысаны, аулааралық шағын футбол алаңдары, воркаут тренажерлары іске қосылған. Бүгінде халықтың 35 пайызы, яғни 250 мыңы спортпен белсенді түрде айналысады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алекей Омельниций

Хабар 24 телеарнасы