389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚХЛ: СКА – «Барыс» – 3:2

  • 1496
  • UPD: 14:07, 25.01.2019

Бүгін Шымкентте қысқы спорттан үшінші жастар ойындары басталады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Төрт жылда бір келетін кешенді сайыстар қаңтар мен наурыз аралығында еліміздің аймағында өтеді. Бұл сын Швейцарияның Лозанна қаласында жалауы желбірейтін жасөспірімдер арасындағы қысқы олимпиада ойындарына дайындық болмақ.

«Барыс» Санкт-Петербургте СКА командасынан жеңіліп қалды. Кездесу тағдыры ойын соңындағы буллитте шешілді. Есепті айдын иелері ашты. Астаналықтар екінші кезеңде таразы басын теңестірді. Шайба авторы – Джесси Блэкер. Үшінші кезеңде шабуылшы Брэндон Боченски белсеніп, «Барысты» алға жетелеген. Алайда СКА хоккейшілері матчтың аяқталуына төрт минут қалғанда қарымта гол соқты. Буллитте Петербург командасының ойыншылары мергендік танытты. «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы келесі кездесуін ертең Мәскеу ЦСКА-сымен өткізеді. 

Бүгін шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионаты жалғасады. Кезекті жарыс күнін елорда дербиі ашады. «Номад» «Астананы» қабылдайды. Өскеменде «Алтай-торпедо» «Ертісті» күтеді. «Алматы» «Горнякпен» кездеседі. Петропавлда «Құлагер» «Теміртаумен» айдынға шығады. Қызықты ойын Атырауда өтеді. Көш басында келе жатқан «Бейбарыс» пен «Арлан» өзара шеберлік байқасады.

Australian Open турнирі

Рафаэль Надаль Австралия ашық біріншілігінің финалына шықты. Испаниялық теннисші жартылай финалда грек Стефанос Циципастың осал тұсын тапты. Екі сағатқа созылған ойын 6:2, 6:4, 6:0 есебімен аяқталды. Надальдың шешуші сындағы қарсыласы бүгін анықталады. Жартылай финалдың екінші жұбында Новак Джокович пен Люк Пуйе кездеседі. 

Рафаэль Надаль, теннисші:

- Мен спорттық ғұмырымда дұрыс жолмен келе жатырмын деп ойлаймын. Соның арқасында бүгінгі жетістікке жеттім. Қазір ең үздік ойынымды көрсетіп жүрмін деп айта алмаймын. Өзіммен-өзім жұмыс істедім. Көп тер төгілді. Ерінбей жаттыққанның арқасында финалға жетіп отырмын.

Анри бапкерлік қызметтен шеттетілді

«Монако» футбол клубы Тьерри Анриді бас бапкерлік қызметтен уақытша шеттетті. Соңғы шешім әлі шыққан жоқ. Команда басшылығы осы маусымдағы сәтсіздіктен кейін жаттықтырушылар құрамын ауыстыруды көздеп отыр. «Монако» үш айда Франция чемпионатының соңғы орындарына түсіп қалды. Анри былтыр қазан айында Леанарду Жардимді ауыстырған еді. Енді бұрынғы маман қызметіне қайта оралуы мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы