375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Australian Open: Новак Джокович жетінші мәрте чемпион атанды

  • 379
  • UPD: 18:45, 27.01.2019
Australian Open: Новак Джокович жетінші мәрте чемпион атанды inform.kz

Австралия ашық біріншілігінің финалында әлемнің бірінші және екінші ракеткалары, сербиялық Новак Джокович пен испаниялық Рафаэль Надаль чемпиондық атақты сарапқа салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл қазіргі теннис әлеміндегі ең мықтылардың шайқасы еді. Осымен өзара 53-ші рет кездескен қос спортшы «Үлкен дулыға» турнирлерін де талай мәрте ұтқан еді. Бұл жөнінен швейцариялық Роджер Федерер 20 жеңіспен алда келе жатса, Р.Надаль (17) екінші сатыда, ал Н.Джокович америкалық Пит Сампраспен (14) үшінші орынды бөлісіп тұрған.

Тағы бір айта кететін жайт, бұған дейін Н.Джокович Р.Федерермен бірге Австралия ашық чемпионатын алты мәрте бағындырған еді. Оған қоса, өткен жылы Уимблдон, US Open турнирлерін ұтқан Н.Джоковичке қатарынан үшінші рет «Үлкен дулыға» жарысының жеңімпазы атанатын мүмкіндік туған болатын.

Испаниялық теннисші Австралия чемпионатын ұтатын болса, ол да рекордтық нәтижеге қол жеткізер еді. Ол кәсіби теннис тарихында алғаш рет төрт «Үлкен дулыға» турнирінің әрқайсысының кем дегенде екі мәрте чемпионы атанатын еді.

Сербиялық спортшы матчты қарқынды бастап, бірден брейк жасап, 3:0 есебімен алға кетті. Ал осыған дейін чемпионат барысында қарсыластарына бірде-бір сетті беріп көрмеген Надальдың ойыны қожырап, жүрмей қойды. Сөйтіп, бірінші партияда Джокович сол басымдылығынан айырылмай, 6:3 есебімен жеңіске жетті.

Екінші сетте есеп 2:2 болғаннан кейін сербиялық теннисші брейкке қол жеткізді. Содан кейін жеті минутқа созылып, тартысты өткен өз геймін де алды - 4:2. Бұдан соң тағы бір брейк жасаған Джокович қарсыласына еш мүмкіндік бермеді - 6:2.

Үшінші партияда да Новак Джокович испаниялық спортшыға қарағанда, әлдеқайда шебер ойнап, 3:1 есебімен алға кетті. Есеп 3:2 болған мезетте Рафаэль Надаль брейк-пойнтты пайдалана алмады. Ақыры Н.Джокович матчқа тағы бір брейкпен нүкте қойды - 6:3.

Осылайша, 2 сағаттан астам уақытқа созылған аса маңызды матчта қарсыласын қапы қалдырған Н.Джокович Австралия ашық чемпионатының жетінші мәрте жеңімпазы атанды.

Бұған дейін «Үлкен дулыға» турнирінің финалында қос теннисші жеті мәрте кездесіп, Р.Надаль төрт рет жеңіп, алда тұрған болатын. Енді есеп теңесті.

Бір қызығы, бастапқы кездесуінде қазақстандық Михаил Кукушкинді ұтқан франциялық Лукас Пуиль жартылай финалға дейін жетіп, онда Н.Джоковичке есе жіберді.

Әйелдер арасында қазақстандықтар Юлия Путинцева екінші, Зарина Дияс бірінші айналымнан аса алмады.

Өткен жылы жапон қыздары арасында алғаш рет US Open жеңімпазы атанған 21 жасар Наоми Осака бұл жолы да сол қарқынынан таймай, тағы бір биікті бағындырды. Осылайша, ол Азия теннисшілері арасында тұңғыш рет әлемнің бірінші ракеткасы атанды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Н.Осаканың Австралия біріншілігінің жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.

Хабар 24 телеарнасы