384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Баскетбол: «Астана» – ВЭФ – 90:77

  • 1108
  • UPD: 11:20, 28.01.2019

Қазақстандық биатлоншы Владислав Киреев жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында медальға сәл ғана жетпей қалды.

Жерлесіміз Словакиядағы біріншілікте төртінші орынға табан тіреді. Қазақстан құрамасындағы Кирилл Бауэр 27-болып жарысты аяқтаса, Никита Акимов 43-нәтиже көрсетті.

«Астана» баскетболшылары ВТБ Бірыңғай лигасында үш ойынға жалғасқан жеңілістер сериясына нүкте қойды. Елордалықтар Латвияның ВЭФ командасын қабылдап, 90:77 есебімен жеңіске жетті. «Астана» сапынан Стивен Холт ең нәтижелі ойыншы атанды. Ол бұл кездесуде 22 ұпай жинады. Эмиль Райковичтен тәлім алатын қазақстандық команда Бірыңғай лиганың турнир кестесінде алтыншы орында келеді. ВЭФ 13-орында қалды.    

Джокович Australian Open турнирінің жеңімпазы

Новак Джокович Австралия ашық біріншілігінде топ жарды. Сербиялық теннисші финалда Рафаэль Надальдің осал тұсын тапты. Есеп – 6:3, 6:2, 6:3. Матч екі сағат алты минутқа созылды. 31 жастағы серб жігіті жасыл құрлықтағы «Үлкен дулыға» жарысында жетінші мәрте жеңіске жетіп, турнирдің рекортын жаңартты. Ол Австралия чемпионатының алты дүркін жеңімпазы Роджер Федерер мен Рой Эмерсонның жетістігінен озып кетті. Джокович 15-мәрте «Үлкен дулыға» турнирінде топ жарып, спорттық мансабындағы жүлделер санын 73-ке жеткізді. Рафаэль Надаль Австралия ашық біріншілігінің финалында төртінші рет ұтылды. Испаниялық теннисші 2009 жылы осы жарыста жеңіске жеткен.   

Новак Джокович, әлемнің бірінші ракеткасы:

- Бір жыл бұрын осы турнирде жеңіске жету туралы ойлаған жоқпын. Бірақ әрқашан өзіме сенімдімін. Жетістікке жету жолындағы ең басты қасиетім осы. Кез келген спортшы сенім болғанда ғана қиын сәттерден жеңіспен шығады.    

Футбол: «Бавария» – «Штутгарт» – 4:1

Неміс Бундеслигасының 19-турын «Бавария» мен «Штутгарт» командалары қорытындылады. Мюнхендегі кездесу 4:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. Бесінші минутта Тиагу Алькантара есеп ашты. Сосын Анастасиос Донис таразы басын теңестірді. «Бавария» үзілістен кейін шабуылын күшейтіп, бірнеше гол соқты. Кристиан Гентнер 55-минутта өз қақпасын көздеді. Леон Горецка мен Роберт Левандовски де мергендік танытып, «Баварияның» басымдығын дәлелдей түсті. Поляк футболшысы пенальтиден мүлт кеткенін де айта кетейік. Нико Ковач шәкірттері Бундеслигада 11-турдан бастап жеңілмей жүр. «Бавария» турнир кестесінде 42 ұпаймен екінші орында тұр. «Штутгарт» 14 ұпаймен 16-орында қалды. Топ басында Дортмундтың «Боруссиясы» келеді. 

Мората «Атлетикоға» ауысты

Испаниялық шабуылшы Альваро Мората «Челсиден» Мадридтің «Атлетикосына» ауысты. Лондон клубы футболшыны бір жарым жылға жалға берді. «Атлетико» 7,5 млн еуро төлейді. Келісім бойынша испаниялық команда ойыншыны қаласа 40 млнға сатып алуына болады. Моратаға Мадрид клубы жақсы таныс. Ол 2005-2007 жылдары «Атлетиконың» жастар құрамасында доп тепті.

Хабар 24 телеарнасы