378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Неймар екі айдан кейін алаңға оралады

  • 324
  • UPD: 15:18, 31.01.2019

Бүгін «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуін Санкт-Петербургтің СКА командасымен өткізеді, деп жазады «Хабар 24».

Қарсыластар 24 қаңтарда айдынға шығып, елорда хоккейшілері буллит сериясында 2:3 есебімен жеңіліп қалған болатын. «Барыс» пен СКА арасындағы матч кешкі жеті жарымда басталады. Ал допты хоккейден Швецияда өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жарыс иелерінен ірі есеппен ұтылды. Есеп – 1:22.

«Барыс» ізбасарлары жастар хоккей лигасында «Түменнің легионын» қабылдап, 2:4 есебімен жеңіліп қалды. Алғашқы кезеңде есеп ашылған жоқ. Үзілістен кейін қонақтар қарқын алып, қатарынан екі шайба соқты. Сосын «Қар барыстары» сапынан Иван Верещагин арадағы есеп айырмасын қысқартты. Үшінші кезеңде Түмен жастары нәтижені еселей түсті. «Барыс» балалары бірден қарымта қайтарды. Жеті секундтан кейін Олег Бойко мергендік танытып, матчты қыздыра түскен еді. Алайда ресейліктер соңғы минуттарда гол соғып, кездесуге нүкте қойды. 47 ойыннан кейін «Қар барыстары» Шығыс конференциясының турнир кестесінде 10-орында тұр. Бүгін командалар қарымта ойын өткізеді.  

Саян Данияр, «Снежные барсы» командасының капитаны:

- Ойынға дайын болмай шықтық. Сол себептен алғашқы екі кезеңде қарсыласқа есе жібердік. Матчты тәуір бастап келе жатыр едік. Алайда екінші кезеңде ойынымыз жүрмеді. Тіпті кездесу тағдыры осы кезде шешілді. Қатарынан екі шайба жіберіп алдық. Сосын қарымта қайтару қиындап кетті. 

Шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионаты да қыза түсті. Көш соңында қалған «Астана» қарымта ойында «Құлагерден» 5:2 есебімен есе қайтарды. «Арлан» Көкшетауда «Алтайға» азу көрсете алмады. Екінші кездесу де Өскемен командасының пайдасына аяқталды. «Алтай» «Арланды» артқа тастап, турнир кестесінде 100 ұпаймен топ бастады. Екі ойын кем өткізген көкшетаулықтарда 98 ұпай бар. «Номад» 1:0 есебімен «Ертістен» басым түссе, «Теміртау» «Алматыдан» қарымта қайтарды. «Бейбарыс» «Горнякты» жеңді. 

Неймар екі айдан кейін алаңға оралады

ПСЖ шабуылшысы Неймар жасыл алаңға екі жарым айдан кейін оралады. Бұл туралы француз клубы ресми сайтында мәлімдеді. Дәрігерлер футболшының аяғына ота жасау қажет емес деп шешіпті. Неймар Франция кубогында «Страсбургке» қарсы ойында жарақаттанып қалған болатын. Шабуылшының оң аяғындағы өкше сүйегі сынған еді. Енді ол Чемпиондар лигасының 1/8 финалында «Манчестер Юнайтедке» қарсы алаңға шыға алмайды.

Теннис: St. Petersburg Open турнирі

Петра Квитова «Санкт-Петербург Оупен» турнирінің ширек финалына шықты. Чехиялық теннисші Беларусь спортшысы Виктория Азаренкодан 6:2, 7:6 есебімен басым түсті. Матч бір сағат 41 минутқа созылды. Квитова енді Вероника Кудерметова мен Донна Бекич жұбында жеңіске жеткен спортшымен кездеседі. Петра Санкт-Петербургтегі турнирдің қазіргі чемпионы екенін айта кетейік.

Хабар 24 телеарнасы