389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан құрамасы допты хоккейден әлем чемпионатының жартылай финалына шықты

  • 782
  • UPD: 13:30, 01.02.2019

Қазақстан құрамасы допты хоккейден Швецияда өтіп жатқан әлем чемпионатының жартылай финалына шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біздің бенди шеберлері Норвегиямен кездесіп, 4:1 есебімен басым түсті. Бүгін Қазақстан хоккейшілері Швециямен финалдық жолдаманы сарапқа салады. Спорт әлеміндегі өзге де жаңалықтар алдағы топтамада.

«Барыс» құрлықтық хоккей лигасында «СКА» командасына азу көрсете алар емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кеше қарсыластар елордада қарымта кездесу өткізіп, матч 3:2 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді. 24 қаңтарда Санкт-Петербургтегі кездесу де дәл осындай нәтижемен аяқталған болатын. Астаналық хоккейшілер ойынды жақсы бастаған. 2-ші минутта Андре Петерссон «Барысты» алға жетелеген еді. Араға он минут салып Павел Дацюк таразы басын теңестірді. Үзілістен кейін «СКА» хоккейшілері нәтижені еселей түсті. Айдын иелері сапынан Даррен Диц есеп айырмасын қысқартты. Одан арыға «Барыстың» шамасы жетпеді.

Максим Семенов, «Барыс» ХК қорғаушысы:

- Бізге сәл тәртіпті ойнау керек еді. Себебі ойын барысында көп ескертулер алып, команда азшылықта қалып отырды. Ал, бір ойыншың кем болса, мұндай мықты командаға қарсы тұру қиын. Кездесу нәтижесіне әсер еткен шешуші сәттердің бірі осы деп ойлаймын. Әйтпесе, беске бес жақсы ойнадық.

«СКА» болған кездесуге он мың жанкүйер жиналып, «Барысқа» қызу қолдау көрсетті. Алайда айдын иелері көптің үмітін ақтай алмады. Астаналықтар келесі кездесуін ертең Финляндияның «Йокерит» командасымен өткізеді.

Андрей Скабелка, «Барыс» ХК бас бапкері

Тамаша матч болды. Тек кей сәттерде осалдық таныттық. Жалпы команда жақсы ойнады. Бір ұпай алуға тырыстық. Енді келесі кездесуге дайындаламыз. Жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді. Олар командаға керемет қолдау көрсетті.

Жастар лигасы: «Қар барыстары» қарымта қайтарды

«Барыс» ізбасарлары жастар хоккей лигасында «Түменнің легиондарынан» қарымта қайтарды. Астанадағы екінші ойын 3:1 есебімен аяқталды. Екінші кезеңде Максим Мусоров лигадағы алғашқы шайбасын соқты. Екі минуттан кейін Айдос Жорабек «Қар барыстарының» басымдығын дәлелдей түсті. Сосын Саян Данияр мергендік танытып, матчқа нүкте қойды. «Түмен» жігіттері жалғыз шайбамен жауап қатты. Ресейлік команда алғашқы ойында 4:2 есебімен жеңіске жеткен еді. Сергей Старыгиннан тәлім алатын елордалықтар келесі кездесуін 7-8 ақпанда Магнитагорскіде өткізеді.

 

Футбол. «Қайрат»-«Чайка» 3:1

Қазақстандық командалар жаңа маусымға қызу дайындалып жатыр. Биылғы біріншілікте «Қайрат» тағы бір мәрте топ жаруға талпынып көреді. Команда тізгінін беларусь жігіті Алексей Шпилевский ұстады. Қазір алматылықтар Түркияда кезекті оқу-жаттығуда жүр. «Қайрат» жиын аясында Ресейдің «Чайка» клубымен жолдастық кездесу өткізіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Есепті Ростов облысының футболшылары ашты. «Қайрат» екінші таймда белсенді. Команда сапына жаңадан қосылған Раде Дугалич таразы басын теңестірді. Сосын Адеринсола Эсеола көзге түсті. Шабуылшы «Чайка» қақпасын екі мәрте дәл көздеді. Қорытынды есеп:3:1. «Қайрат» жаңа маусымға жақсы дайындықпен келе жатыр.

Хабар 24 телеарнасы