378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Теннистен Қазақстан құрамасы жұптық ойында жеңіліс тапты

  • 349
  • UPD: 21:02, 02.02.2019

Қазақстандық тенисшілер Александр Недовесов пен Тимур Хабибулиннің жұбы португалиялық Жоау Соуза мен Гаштау Элиаш жұбына есе жіберді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар елордада өтіп жатқан Дэвис кубогы әлемдік лигасының бірінші айналымы аясында жұптық кездесу өткізген болатын. Ойын қорытындысы бойынша есеп 6:3; 3:6; және 4:6 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді. Осылайша, қазақстандық спортшылар турнирдің негізгі айналымына айқын басымдықпен шығу мүмкіндігінен айырылып қалды.

Еске сала кетейік, кеше отандастарымыз Александр Бублик, Михаил Кукушкин жекелей кездесуде қарсыластан басым түсіп, жалпы есепті 2:0 ге жеткізген болатын. Ендігі үміт тағы Михаил Кукушкинге артылмақ. Ол Жоау Соузамен бақ сынасып, өзара мықтыны анықтайды.

Айта кеткен жөн, қос құрама арасындағы ойынның жеңімпазы Дэвис Кубогының негізгі айналымына жолдама алып, Хорватия, Франция, Испания және АҚШ құрамаларына қосылады. Сондай-ақ негізгі айналымға Аргентина және Ұлыбритания командалары қосылады.

Александр Недовесов, теннистен Қазақстан құрамасының мүшесі:

- Алғашқы сетте қорғаныста жақсы ойнадық. Қарсыластан айламызды асырған сәттер жиі болды. Бірақ екінші сетте португалдықтар жойқын соққыларын үдетті. Бізге оларды қабылдау қиынға соқты. Ал үшінші сеттің ортасына қарай олар біздің соққыларымызды оңай қабылдап, қысымды күшейтті. Осылайша, басымдықты өз жақтарына алды.

Тимур Хабибулин, теннистен Қазақстан құрамасының мүшесі:

- Екінші сетті сенімді бастаған едім. Бірақ не болғанын білмеймін, допты қабылдау кезінде қателіктер жібердім. Сосын психологиялық жағынан әлсіздік таныттық. Олардың басымдығы байқала бастады. Бірақ үшінші сетте барынша сенімді ойнауға тырысқанымызбен жеңісті жұлып ала алмадық.

Хабар 24 телеарнасы