389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Бейбарыс» шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионатында топ бастады

  • 596
  • UPD: 10:36, 04.02.2019
«Бейбарыс» шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионатында топ бастады

Кезекті жарыс күнін Петропавлда өткізген Атырау хоккейшілері маңызды ұпайларын еншіледі. Алғашқы ойында 5:2 есебімен басым түскен қонақтар, қарымта кездесуде де жеңіске жетті. Есеп:3:1. «Бейбарыс» сапынан Антон Некряч пен Константин Куликов және Евгений Чемерилов мергендік танытса, айдын иелері жалғыз шайбамен жауап қатты. Голдың авторы Ильнар Мисбахов. 50 ойыннан кейін 103 ұпай жинаған «Бейбарыс» турнир кестесінде бірінші орынға шықты. «Құлагер» 74 ұпаймен жетінші орында қалды.  

Бұған дейін көш бастаған «Арлан» «Ертісті» қабылдап, 2:3 есебімен ұтылып қалды. «Алтай-Торпедо» «Теміртауға» қонаққа барып, 0:1 нәтижесімен есе жіберді. Өскемен командасы турнир кестесінде бесінші орынға түсіп қалды. «Номад» сырт айдында «Горняктың» осал тұсын тапты. Елордалықтар турнир сатысында екінші орынға көтерілді. «Астана» 2:1 есебімен "Алматыдан" басым түсті.

ВТБ Лигасы: «Астана» - «Автодор» 88:64

«Астана» баскетболшылары ВТБ бірыңғай лигасының кезекті турын Саратов қаласында өткізіп, жергілікті «Автодордан» басым түсті. Есеп:88:64. Екі команда да плей-офф жолдамасынан үмітті. Алғашқы кезең тартысқа толы болды. Үзілістен кейін елорда баскетболшылары ұпай санын молайтып, арадағы есеп айырмасын ұлғайтты. «Астана» биылғы маусымда «Автодорды» екінші мәрте жеңді. Қазақстандық клуб бұған дейін өз алаңында да жеңіске жеткен еді. 

Катар футболдан Азия чемпионы атанды

Катар құрамасы футболдан тұңғыш рет Азия чемпионы атанды. Құрлық біріншілігінің финалында олар Жапониядан 3:1 есебімен басым түсті. Катардың Азия кубогындағы бұған дейінгі ең үздік жетістігі ширек финал болатын. Олар 2000 және 2011 жылдары үздік сегіздіктің қатарынан көрінді. 2022 жылы футболдан әлем чемпионатын қабылдайтын жұдырықтай елдің жігіттері аладопты да жақсы меңгере бастағанын дәлелдеді. Ел астанасы Дохада мыңдаған жанкүйерлер көшеге шығып, ұлттық құрамасын құрметпен қарсы алды.   

Дэвис кубогінің финалдық кезеңіне шыққан командалар анықталды

Теннистен Дэвис кубогінің финалдық кезеңіне шыққан командалар анықталды. Биыл өзгеріске ұшыраған әлемдік сайыстың шешуші ойындары Мадрид қаласында 18-24 қараша аралығында өтеді. Биылғы финалдық сынға былтырғы жартылай финалистер мен нәтижесі жақсы екі команда қатысады. Сонымен қатар іріктеуден өткен Бельгия, Колумбия, Сербия, Ресей, Чили, Австралия, Канада және Италия мен Голландия бар. Жапония мен Германия да Мадридке жолдама алды. Өткен сенбіде Қазақстандық теннисшілер де Португалиядан басым түсіп, финалға шыққанын айта кетейік.

Хабар 24 телеарнасы