378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Теннис: Қазақстандықтар Үндістанды жұптық кездесуде де тізе бүктірді

  • 733
  • UPD: 16:57, 08.02.2019
Теннис: Қазақстандықтар Үндістанды жұптық кездесуде де тізе бүктірді informburo.kz

Ұлттық теннис орталығында Федерация кубогы үшін өтіп жатқан іріктеу турнирінде Қазақстан - Үндістан матчы жұптық бәсекемен аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жұптық сынға Қазақстаннан Анна Данилина мен Галина Воскобоева, Үндістаннан Пратхана Тхомбаре мен Рия Бхатия шықты. Үндістандықтар жекелей кездесулерде 0:2 есебімен есе жіберіп, жұптық бәсеке ештеңе шешпейтіндіктен, алдын ала көзделгендей, Анкита Райна және Карман Каур Тхандиды бұған қоспады.

Қазақстандық жұп бірінші сетте бірден брейк жасап, 2:0 есебімен алға кетті. Сосын өз геймдерін алумен бірге тағы екі брейк жасай білді - 6:1. А.Данилина мен Г.Воскобоева екінші партияны да қарқынды бастап, 5:0 есебімен ұзап кетті. Тек содан кейін ғана үндістандықтарға «жан кірді» - 1:5. Ақыры бұл партияны да қазақстандық жұп 6:1 есебімен тәмамдады.

Бұл кездесу қазақстандықтар үшін жаттығу сияқты болды. Қазақстан құрамасы үшін ең көп ойын өткізген тәжірибелі Г.Воскобоевамен тізе қосып, өнер көрсету А.Данилинаға пайдалы болғаны анық. Корт иелерінің айқын басымдығымен өткен бәсеке бір сағатқа жеткен жоқ. Осылайша «А» тобында Таиланд пен Үндістанды 3:0 есебімен ұтқан Қазақстан құрамасы жеңімпаз атанды. Ертең олар «В» тобында үздік шыққан Қытай құрамасымен екінші Әлемдік топтың плей-офф кезеңіне берілетін жолдама үшін таласқа түседі.

 

Хабар 24 телеарнасы