378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Юлия Галышева елге оралды

  • 312
  • UPD: 15:24, 12.02.2019

Қазақстандық биатлоншы Арина Шешукова «Азия балалары» жарысының күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халықаралық дода дәл қазір Сахалинде өтіп жатыр. Осыдан бірер күн Арина спринтте де мәреге екінші жетіп, жүлдегерлер қатарынан табылған болатын. 

Фристайлдан әлем чемпионатында топ жарған Юлия Галышова елге оралды. Оны Алматы әуежайынан туыстары, достары және жанкүйерлері күтіп алды. Жерлесіміз жуырда ғана АҚШ-та өткен дүниеджүзілік додада жеңімпаз атанған болатын. Могул бәсекесінде ол, тіпті, олимпиада чемпионын да айналып өтіп, осы спорт түрінен ел тарихындағы алғашқы алтынды жеңіп алды. Спортшының бапкері Елена Круглыхина әуежайда тілшілерге берген сұхбатында бұл жолғы бәскеге біраз дайындалғандарын және оған тек алтын жүлде үшін барғандарын айтты.

Юлия Галышева, фристайлдан әлем чемпионы:

- Бұл жалғыз менің ғана емес, бүкіл команда еңбегінің нәтижесі. Әйтеуір бір жүлдеге ілігерім анық болды. Бірақ тек алтынды көздедік. Мақсатыма жеткеніме қуаныштымын. Алда әлі тағы біраз жарыс бар. Енді соған дайындалып, жеңіс жолын жалғастыруға тырысам.

Халықаралық турнирде топ жарғандар

Қазақстандық таэквондо шеберлері халықаралық турнирден олжалы оралды. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Fujairah Open жарысына биыл 1200-ге жуық қатысушы жиналған болатын. Жасөспірімдер арасындағы бәсекеде 5 бірдей жерлесіміз барлық қарысыласынан басым түсіп, алтын жүлдеге ие болды. Яғни ерлер арасында Әділ Тілеуғабыл мен Акрамат Долгиев өз салмақ дәрежесінде үздік атанса, қыздар арасында Балнұр Қаумбай, Элеонора Шералы және Асылтас Бажан қарсылас шақ келтірмеді. Бұдан бөлек, ұлттық құрама қоржынында 1 күміс пен 2 қола жүлде бар. Осылайша Әлішер Бейсембай баптайтын қыз-жігіттер ел абыройын асқақтатып қайтты. Байрақты бәсекеден кейін спортшылар сәл тынығып, олимпиадалық даярлау орталығындағы оқу-жаттығуларына қайта кірісті.

ҚХЛ: кезекті кездесуге дайындық

Құрлықтық хоккей лигасында плей-офф жақындаған сайын командалар арасындағы тартыс күшейді. Әсіресе «Барыс» негізгі чемпионаттың соңына дейін үздіктер қатарындағы орнын сақтап қалууы керек. «Ол үшін бүгін Астанада өтетін матчта есе жібермеуіміз керек», – дейді команда мүшелері. Андрей Скабелка баптайтын жігіттер өз алаңында «Сибирь» командасын қабылдайды. Қос клуб үшін де жеңіс аса қажет. Әсіресе қонақтар егер басым түссе, үздік сегіздік қатарына қосылып, плей-оффқа шығу мүмкіндігі артады. Ал «Барыс» кейінгі сатыларда тұрған «Ақ барыс» пен «Авангард» алдын орап кетпеу үшін 3 ұпай еншілеуі керек. Кездесу 19:30-да басталады.

Қазақстандық клубтар есе жіберді

Халықаралық жастар хоккей лигасында өнер көрсететін қазақстандық клубтар кезекті кездесулерін сәтсіз өткізді. Өскемендік «Алтай» сырт алаңда Магнитогорск қаласының командасымен кездескен. Алаң иелері жауапсыз 5 гол соқты. Ал астаналық клуб орынборлық хоккейшілерге есе жіберді. Қарымта матчтар бүгін өтеді.

ПСЖ үздіктері алаңға шықпайды

«Пари сен-жермен» командасының үздіктері жарақатына байланысты жасыл алаңға шыға алмайды. Оның ішінде Эдинсон Кавани, Томас Мёнье және Неймар бар. Бұл жағдай әсіресе Чемпиондар лигасы аясындағы кезекті кездесуде ауыр соққалы тұр. Өйткені франциялық команда бүгін түнде ағылшындық «Манчестер Юнайтедпен» жолығады.

Айта кетейік, ПСЖ Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде 17 гол соққан болатын. Оның 11-і дәл осы Неймар мен Каванидің еншісінде.  

Томас Тухель, ПСЖ клубының бас бапкері:

- «Манчестер Юнайтед» шабуылға ден қоятыны белгілі. Сондықтан қорғанысқа қатты көңіл бөліп отырмыз. Ливерпуль мен Белград қалаларындағы кездесуден кейін ойынымыз айтарлықтай жүйеленді. Алдағы матчта да сол қарқыннан таймаймыз деген ойдамын.

Рэмси «Ювентус» клубына ауысады

Аарон Рэмси «Ювентусқа» ауысады. «Арсенал» клубының жатырлай қорғаушысы италиялық командамен 4 жылдық келісімшартқа қол қойды. Ол 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Ал трансфер құны 4 миллион еуроны құрады.

Айта кетейік, 28 жастағы ойыншы «Арсенал» сапында 22 кездесу өткізіп, 2 гол соқты. Ол өзінің Twitter-дегі парақшасына жанкүйерлерін қимайтынын жазған. Өйткені Аарон Рэмси лондондық клубта 11 жыл бойы өнер көрсетіп келді.

Rotterdam Open: алғашқы айналым

Әлемнің ең үздік теннисшілері Нидерландыға жиналды. Ерлер арасындағы дәстүрлі Rotterdam Open турнирінің алғашқы айналымы тартысқа толы болды. Әсіресе швейцариялық Стэн Вавринка әлемдік рейтингте өзінен әлдеқайда жоғары тұрған франциялық Бенуа Пэрадан басым түсті. 1 сағат 14 минутқа созылған ойын 7:6, 6:1 есебімен аяқталды. Енді 33 жастағы теннисші канадалық Милош Раонич пен германиялық Филипп Кольшрайбер арасындағы кездесудің жеңімпазымен жолығады. Жарыстың жалпы қорытындысы 17 ақпанда белгілі болады. 

Айта кетейік, өткен жылғы Rotterdam Open турнирінде тағы бір швейцариялық Роджер Федерер топ жарған болатын. Бірақ 37 жастағы спортшы биылғы бәсекеге келген жоқ.

Хабар 24 телеарнасы