377,65 427.65 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еліміздің карате құрамасы Дубайда жарыстан 3 медаль жеңіп алды

  • 325
  • UPD: 21:35, 17.02.2019
Еліміздің карате құрамасы Дубайда жарыстан 3 медаль жеңіп алды

Каратеден Дубайда өткен Премьер-лига кезеңінде Қазақстан құрама командасы үш медаль жеңіп алды деп хабарлайды Olympic.kz.

60 келіде ел намысын қорғаған тәжірибелі Дархан Асаділов Премьер-лига чемпионы атанды. Ол бұған дейін әлем чемпионатында қола жүлдегер атанып, Премьер-лига кезеңіндерінде жүлдегерлер қатарына қосылып жүрген болатын. Дубай төрінде ол Юнусоке Минамиге айна қалдырған жоқ. 

67 келідегі Дидар Әмірәлі финалда қарсыласына жол беріп, күміс жүлдегер атанды. Ол осы салмақта әлемдік рейтингтің көшін бастаған франциялық Стивен-да-Костамен жолыққан болатын. Жекпе-жек 3:3 есебімен тең аяқталды. Алайда бірінші болып соққы жасаған француз жеңіске жетті. 

Ал 60 келіде сынға түскен тағы бір спортшымыз Қайсар Алпысбай турнирдің қола медалін иеленді. Ол әлемдік рейтингте бірінші тұрған италиялық Анджело Кречензоны жеңген. 

Еске сала кетейік, қазақстандық каратешілер Премьер-лига кезеңдерінен жүлдесіз келген емес. Жыл басында Парижде өткен кезеңде каратеден Қазақстан құрамасы үш қола жеңіп алған болатын.

Хабар 24 телеарнасы