378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Теннис: Кукушкин әлемдік рейтингте ТОП-50-дің қатарына енді

  • 329
  • UPD: 15:28, 18.02.2019
Теннис: Кукушкин әлемдік рейтингте ТОП-50-дің қатарына енді Informburo.kz

Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин дүйсенбіде жаңартылған дүниежүзілік рейтингте үздік елулікке енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

М.Кукушкин үш сатыға көтеріліп, әлемнің 50-ракеткасы атанды. Қазақстандық теннисші 2015 жылы өз спорттық жолындағы ең жоғары 46-орынға жеткен болатын. М.Кукушкиннің биылғы қарқыны жаман емес, сол үздік көрсеткішін жаңартатындай мүмкіндігі бар. Ол үшін бәсі жоғары халықаралық турнирлерде сәтті өнер көрсетуі керек. Мысалы, бүгін М.Кукушкин Францияда Марсель турнирінің (жүлде қоры – 668 485 еуро) алғашқы айналымында рейтингте 61-орында тұрған америкалық Денис Кудламен кездеседі. Оны ұтса, әлемнің 25-ракеткасы, канадалық Денис Шаповаловпен кортқа шығады.

Әлемдік рейтингте тағы бір қазақстандық Александр Бублик 144-сатыдан 149-ға төмендеді. Ол Будапешт турнирінің чемпионы атанғанымен, содан кейін Францияның Шербур қаласында жеңісті жолын жалғастыра алмады.

Әйелдер арасында Қазақстанның бірінші ракеткасы Юлия Путинцева 53-орнында қалды. Ал Зарина Дияс 96-дан 94-сатыға көтерілді. Өткен аптада Дубайда іріктеу сайыстарын сәтті өткізген З.Дияс бүгін негізгі турнирдің (жүлде қоры – 2,5 млн астам АҚШ доллары) алғашқы айналымында әлемнің 85-ракеткасы словениялық Далила Якуповичпен күш сынасады.

Тағы бір қазақстандық теннисші Елена Рыбакина төрт саты жоғарылап, 192-орынға жайғасты.

Хабар 24 телеарнасы