378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Спорттық нысандар салудан Алматы облысы көш бастап тұр

  • 358
  • UPD: 15:27, 18.02.2019

Алматы облысында Жастар жылының жаңалығы көп болғалы тұр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Әсіресе спортта. Бүгінде аймақта 3 денешынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Құрылыстар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүргізілуде. Тағы 9 кешеннің жобалық-сметалық құжаттары жасалуда. Жалпы, спорттық нысандар салудан Жетісу өңірі республикада көш бастап тұр.

Қаскелең қаласындағы орталық стадион жанынан денешынықтыру-сауықтыру кешенінің салынғанына жыл толған жоқ. Соған қарамастан 800-ге жуық ұл-қыз мұндағы спорт үйірмелеріне ерекше құлшыныспен қатысуда. Бірі жекпе-жек сайыстарды қаласа, енді бірі командалық ойындарға құмар.

Шұғыла Бейсенбек, болашақ волейболшы:

- Мен 13 жастамын, қатысып жүргеніме 3 ай болды. Мен волейбол спортына қатысамын. Осы жерде жақсы үйретеді. Болашақта жақсы волейболшы боламын деген үміттемін.

Кешенге спорт мектебі деген мәртебе берілген. Жаттығу сабақтарының барлығы тегін. «Сондықтан көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балаларына жақсы болды. «Келешекте талапты шәкірттеріміздің қатары 1300-ге жететін болады», – дейді спорт мамандары.

Маариф Матляпов, үстел теннисінен жаттықтырушысы:

- Үстел теннисі Азия елдерінде мықты дамыған. Одан қазақстандық чемпиондарды шығарғымыз келеді. Қазір менің секциямда 30-дан астам шәкірт бар. Мақсаттары биік, соған қуанамын.

Шамалған ауылында салынып жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешені аймақтағы ең үлкен әрі зәулім спорт нысаны болғалы тұр. Орналасқан аумағы – 6 гектар. Жылу, электр және сумен жабдықтау мәселесі жіті ойластырылған. Сейсмикалық беріктігі 9 балдық жер сілкінісіне шыдайды.

Бұл ғимартаттың жалпы көлемі – 14 мың 700 шаршы метр. Мұнда спорттың 15 түріне арналған әртүрлі жаттығу залдары болады. Ал мынау жүзу бассейні. Мұның құрылысында олимпиадалық талаптардың барлығы ескерілген.

Облыста осы тақылеттес 6 спорттық кешен бар. Тағы үшеуі салынуда. 9 ғимараттың жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Алдағы 2 жылда олардың қатары 21-ге жетеді. Сөйтіп Елбасының бұқаралық спортты дамытып, оған тұрғындардың 30 процентін қамту керек деген тапсырмасын орындауға қол жетпек.

Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы