375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Луценко «Оман турында» топ бастап келеді

  • 254
  • UPD: 14:53, 21.02.2019
Луценко «Оман турында» топ бастап келеді Prosports.kz

«Барыс» ертең Құрлықтық хоккей лигасының маусымдық жарысын аяқтайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Астаналықтар Бейжіңде Қытайдың «Куньлун» командасымен кездеседі. Кеше Андрей Скабелка шәкірттері Хабаровскіде «Амурдан» ұтылып қалды. Есеп – 2:0. Плей-офф кезеңінде «Барыс» Новгородтың «Торпедосымен» сынға түседі. Алғашқы ойындар Астанада 26 ақпанда өтеді.

Алматыда волейболдан ерлер командалары арасындағы ұлттық лиганың 3-тур ойындары басталды. Турнир кестесінде жеке дара топ бастап келе жатқан «Тараз» Алматыда екі рет сүрінді. Алдымен Петропавлдың «Есілімен» болған тартысты ойында 2:3 есебімен ұтылып, сосын дәл осындай нәтижемен Маңғыстауға жол берді. «Есіл» үшінші турда ұпайдан шашау шығарған жоқ. Анатолий Паняшин шәкірттері «Тараздан» кейін Алматының «Буревестнигі» мен Өскеменнің «Алтайын» ойсырата жеңді. «Есіл» кешегі жарыс күнінде «Павлодар» волейболшыларынан да басым түсті. Петропавлды өрге сүйреп жүрген Сәкен Қайырғалиев пен Евгений Гурьяновтар осы ойынның басты қаһармандары атанды.

Луценко «Оман турында» топ бастап келеді 

Қазақстандық велоспортшы Алексей Луценко «Оман турында» көш бастап келеді. «Астана» велокомандасының шабандозы тау жолдарынан тұратын бесінші кезеңде жеңіске жетіп, жалпы есепте топ жаруға тағы бір қадам жасады. Луценко бұған дейін екінші, үшінші кезеңдерде озып келіп, жалпы есепте алға шыққан болатын. 152 шақырымдық тау жолында Қазақстандық велоспортшының қарқынына ешкім ілесе алмады. Осы жеңістен кейін Луценко екінші орында келе жатқан итальяндық Доменико Поццовиводан 44 секундқа ұзап кетті. Бүгін «Оман турының» соңғы кезеңі өтеді.

Футбол. «Атлетико»– «Ювентус» – 2:0 

Мадридтің «Атлетикосы» УЕФА Чемпиондар лигасының 1/8 финалында «Ювентустан» айласын асырды. Алғашқы ойын 2:0 есебімен аяқталды. Екі допты да орталық қорғаушылар соқты. 78-минутта Хосе Хименес мергендік танытса, араға бес минут салып, Диего Годин матчқа нүкте қойды. Қарымта кездесу 12 наурызда Турин қаласында өтеді.

Диего Симеоне, «Атлетико» ФК бас бапкері:

- Коке мен Диего Костаның қатарға қосылғаны жақсы болды. Біз мықты командаға қарсы ақылды ойын көрсеттік. Мүмкіндікті мүлт жібермеу керек екенін түсіндік. Соның арқасында маңызды нәтижеге қол жеткіздік. Туринде қиын кездесу күтіп тұр. Соңына дейін шыдау керек. Басқа нәтиже қажет емес.

Массимилиано Аллегри, «Ювентус» ФК бас бапкері:

- Екінші таймда өте нашар ойнадық. «Атлетиконың» бізге жақсы қырымызды көрсетуге мүмкіндік бермейтінін білдік. Алаңдағы жағдайға бейімделе алмадық. Қарсыластар осы қателікті кешірмеді. Туринде оңай болмайды. Біз енді ұлы матч аталатын кездесу өткізуіміз керек.

Футбол. «Шальке-04» – «Манчестер Сити» – 2:3

Чемпиондар лигасының келесі жұбында «Манчестер Сити» «Шальке-04» командасынан 3:2 есебімен басым түсті.  Есепті 18-минутта Серхио Агуэро ашты. Неміс командасы сапынан Набил Бенталеб екі мәрте пенальтиден гол соғып, алаң иелерін алға жетеледі. Ойынның аяқталуына бес минут қалғанда Лерой Сане таразы басын теңестірді. Соңғы минуттарда Рахим Стерлинг «Манчестер Ситиге» жеңіс сыйлады. Қарымта кездесу 12 наурызда Манчестер қаласында өтеді. 

Бүгін Еуропа лигасының ойындары өтеді 

Бүгін Еуропа лигасының 1/8 финалистері анықталады. Жұрт назары Лондонға ауады. Чемпиондар лигасында ойнауы тиіс «Челси» қазір құрлықтағы екінші деңгейлі жарысты қанағат қылып жүр. Ағылшын клубы биыл да Еуропаның басты додасынан сырт қалатын секілді. Команда төрт ойынның үшеуінде ұтылып, премьер-лигада алтыншы орынға түсті. Англия кубогынан шығып қалды. Бас бапкер Маурицио Сарридің қызметі қыл үстінде тұр. Енді оның тағдыры алдағы екі ойында шешіледі. Бүгін «Челси» Швецияның «Мальмесімен» қарымта кездесу өткізеді. Алғашқы ойында 2:1 есебімен Лондон командасы жеңіске жеткен болатын. Сосын «Челси» жексенбі күні лига кубогының финалында «Манчестер Ситимен» ойнайды.

Хабар 24 телеарнасы